×
501.79
595.07
6.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.79
595.07
6.56

Трамп Оңтүстік Кореяға тарифті көтерді

Бүгін, 19:40
Трамп Оңтүстік Кореяға тарифті көтерді
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан келетін тауарларға салынатын кедендік тарифті 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеретінін жариялады. Бұған себеп – ел парламентінің 2025 жылдың шілде айында екі мемлекет арасында жасалған сауда келісімін әлі күнге дейін бекітпеуі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бұл туралы Трамп 26 қаңтар, дүйсенбі күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.Трамптың айтуынша, Оңтүстік Корея парламенті «АҚШ-пен жасалған келісімнің шарттарын орындамай отыр».

«Президент Ли Чжэ Мён екеуміз 2025 жылдың 30 шілдесінде екі ел үшін тиімді келісімге қол жеткіздік. 29 қазандағы Кореяға сапарым кезінде бұл шарттарды тағы да растадық. Бірақ неге құжат әлі қабылданбағанын түсінбеймін. «Корей заң шығарушы органы біздің тарихи сауда келісімімізді қабылдамағандықтан, мен Оңтүстік Кореяға қатысты автомобильдерге, ағаш материалдарына, фармацевтикаға және басқа да тауарларға тарифті 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеремін», – деп жазды АҚШ президенті.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ БИЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігі Трамптың жазбасына түсініктеме беріп, АҚШ тарапынан ресми хабарлама немесе толыққанды түсініктеме әлі келмегенін айтты.

Әкімшілік «жоғары деңгейдегі шұғыл жиын» өткізетінін жариялады. Оған президент әкімшілігінің саяси мәселелер жөніндегі жетекшісі мен тиісті министрліктердің өкілдері қатысады. Олар жағдайды бағалап, жауап шараларын әзірлейді деп хабарлады The Korea Times газеті.

Сонымен қатар билік өкілдері өнеркәсіп министрі Ким Чон Кванның қазіргі уақытта Канадада жүргенін, жақын арада АҚШ-қа барып, сауда министрі Говард Лютникпен тариф мәселесін талқылайтынын жеткізді.

АҚШ ПЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ САУДА КЕЛІСІМІ

2025 жылдың шілде айының соңында Дональд Трамп АҚШ пен Оңтүстік Корея жаңа сауда шарттарына келіскенін жариялаған болатын. Ол бойынша Оңтүстік Кореядан келетін импортқа 15 пайыздық тариф енгізілді. Ал АҚШ-тан Кореяға кіретін тауарларға ешқандай тариф қарастырылмаған.

Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа 350 миллиард доллар көлемінде инвестиция әкелуі тиіс. Бұл қаражат толықтай АҚШ-тың бақылауында болады. Сонымен қатар Сеул Вашингтоннан 100 миллиард доллар көлемінде энергетикалық ресурстар сатып алуға міндеттелді.

Алайда қазан айындағы Трамптың Кореяға сапары кезінде инвестиция тақырыбы дау туғызды. Сеулдің түсіндіруінше, 350 миллиард доллардың негізгі бөлігі – АҚШ-та жаңа кәсіпорындар ашатын корей компанияларына берілетін несие мен кепілдіктерге арналған. Ал Трамп бұл соманы алдын ала қолма-қол немесе акция түрінде төлеуді талап етті.

Президент Ли Чжэ Мён мұндай ірі қаржылық шығын елдің қаржы нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін екенін айтып, инвестициялық келісімге күмән келтірді.

Серіктес жаңалықтары