Алматы мектептеріндегі онлайн-күнделікке қатысты дау-дамайдан кейін Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік платформа құру мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЛМАТЫДАҒЫ ОНЛАЙН-КҮНДЕЛІК ДАҒДАРЫСЫ
Үшінші оқу тоқсанының алғашқы күні, 8 қаңтарда Алматы қаласының білім басқармасы мектептердің Kundelik платформасынан BilimClass жүйесіне көшкенін хабарлаған еді. 13 қаңтарда электронды күнделікті ауыстыруға сот тыйым салды. Алайда келесі күні шешім өзгертіліп, сот «қате жазбаға» сүйенгенін түсіндірді.
МИНИСТРЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ
Сүлейменованың айтуынша, қысқы демалыс кезінде министрлік барлық жергілікті атқарушы органдарға оқу үдерісін басқару жүйелерін (Learning Management System – LMS) оқу жылы аяқталғанға дейін өзгертпеу жөнінде ұсыныс жіберген.
«Білім туралы заңның бесінші және алтыншы баптарына сәйкес, әрбір жергілікті атқарушы орган бұл шешімді дербес қабылдайды және жауапкершілікті өзі көтереді. Қазіргі кезеңде бұл мәселе тоқтатылды. Жаңа қабылданған жасанды интеллект туралы заңдар аясында оқу жылының соңына дейін LMS жүйелеріне қойылатын барлық талаптарды қатаңдатамыз және тиісті шешімдер қабылдаймыз», – деді министр.
МЕМЛЕКЕТТІК LMS ЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛАДЫ
Сүлейменова сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік оқу үдерісін басқару жүйесін құруды жоспарлап отырғанын айтты. Қазір екі ведомство бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.