Германияның федералдық билігі Берлиндегі электр желісіне жасалған шабуылға қатысы бар деп күдіктелген солшыл экстремистік «Vulkan» тобы туралы ақпарат бергендерге 1 миллион еуро көлемінде сыйақы жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы 27 қаңтар күні Берлинде Германияның ішкі істер министрі Александер Добриндт мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жоғары сыйақы халықты ынтымақтастыққа шақыруға бағытталған. Министр жағдайдың өте күрделі екенін атап өтті.
Добриндттің айтуынша, шабуыл салдарынан 100 мыңнан астам адам зардап шекті. Берлиндегі кабель көпірін өртегеннен кейін шамамен 45 мың үй шаруашылығы мен 2 200 коммерциялық нысан уақытша жарықсыз қалды.
VULKAN ТОБЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Шабуылға жауапкершілікті солшыл экстремистік «Vulkan» тобы өз мойнына алды. Федералдық және жергілікті қылмыстық істер ведомстволары, сондай-ақ Конституцияны қорғау федералдық ведомствосы бұл мәлімдемені шынайы деп таныды.
ТОПТЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Федералдық прокуратура «Vulkan» тобына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдік – террористік ұйымға қатысу, конституцияға қарсы диверсия, өрт қою және қоғамдық маңызы бар нысандардың жұмысын бұзу.
Хабарламаларды қабылдау 24 ақпанға дейін жалғасады. Ақпаратты телефон арқылы, онлайн немесе кез келген полиция бөлімшесі арқылы жеткізуге болады.
Конституцияны қорғау федералдық ведомствосының деректеріне сәйкес, «Vulkan» тобы 2011 жылдан бері әрекет етіп келеді. Олар Берлин мен Бранденбургте бірнеше өртке қатысы бар. Әдетте олардың нысандары – теміржол бойындағы кабельдік желілер, радиомачталар, деректерді беру желілері және компаниялардың қызметтік көліктері. Бұған қоса, топ мүшелері бұған дейін Грюнхайде қаласындағы Tesla зауытына жасалған екі шабуылға жауапкершілікті өздері мойындаған.