×
503.9
603.32
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.9
603.32
6.61

Мемқызмет сапасының рейтингі: қай ведомстволар алда, қайсысы артта қалды?

Бүгін, 15:35
Мемқызмет сапасының рейтингі: қай ведомстволар алда, қайсысы артта қалды?
ysia.ruһ

Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейі өсіп келеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген қоғамдық мониторинг қорытындысына сәйкес, 2025 жылы көрсеткіш 4,88 балға жетіп, зерттеу тарихындағы ең жоғары нәтиже тіркелді. Азаматтардың жалпы қанағаттану деңгейі 90,5 пайызды құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кімдер көш бастады?

Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылғы рейтингте ең жоғары бағаланған мемлекеттік органдар қатарында негізінен күштік және қадағалау құрылымдары тұр. Үздік үштікке:

– ҚР Жоғары сот кеңесі академиясы,
– Бас прокуратура,
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті енді.

Аталған ведомстволардың қызмет сапасы 4,99–5 балл аралығында бағаланған. Ал көрсетілген қызметтерге қанағаттану деңгейі 99 пайыздан жоғары болған.

Жалпы алғанда, орталық мемлекеттік органдардың 32-сінің 29-ы «өте жоғары» санатқа еніп, 4,8 балдан жоғары нәтиже көрсеткен.

Рейтингтің соңында кімдер қалды?

Мониторинг нәтижесіне сәйкес, үш ведомство орташа деңгейден ғана жоғары баға алған:

– Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі,
– Төтенше жағдайлар министрлігі,
– Сауда және интеграция министрлігі.

Бұл органдардың бағасы 4,69–4,79 балл аралығында қалып, халықтың қанағаттану көрсеткіші 77–83 пайыздан аспаған.

Ең күрт төмендеу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде тіркелді — бір жыл ішінде қанағаттану деңгейі 17 пайыздық тармаққа азайған. Сондай-ақ Экология министрлігі (–9 п.т.) мен ТЖМ-де (–8 п.т.) төмендеу байқалған.

Қай ведомстволар алға шықты?

Мониторингке енген 32 мемлекеттік органның 20-сы оң динамика көрсеткен. Әсіресе:

– Мәдениет және ақпарат министрлігі — қанағаттану деңгейі 9,2 пайыздық тармаққа,
– Денсаулық сақтау министрлігі — 7,3 пайыздық тармаққа артқан.

Қандай қызметтер жоғары бағаланды?

2025 жылы қоғамдық мониторинг аясында 72 мемлекеттік қызмет зерттелген. Соның ішінде азаматтар ең жоғары бағаны:

– жер учаскелері бойынша мәліметтерді түзетуге — 4,96 балл,
– салықты есепке алу және қайтару рәсімдеріне — 4,9 балл,
– архив және жоғары білім саласындағы қызметтерге — 4,89–4,9 балл берген.

Ал ең төмен көрсеткіштер әлеуметтік төлемдер мен құрылыс саласына тиесілі болды. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау қызметі 4,5 балл, ал құрылыс жобалық құжаттамасын келісу 4,36 балл деңгейінде бағаланған.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қызмет сапасына әлі де ХҚКО-лардағы кезек, кадр тапшылығы, ақпараттың жеткіліксіздігі және электронды үкімет порталындағы техникалық ақаулар әсер етіп отыр. Соған қарамастан, рейтинг нәтижелері соңғы жылдары жүргізілген цифрландыру мен сервистік модельге көшу белгілі бір нәтиже бере бастағанын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары