Қазақстанда соңғы бір жыл ішінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (ақша жылыстату) қатысты тіркелген қылмыстар саны екі есеге жуық көбейді. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕКОРД, БҰНЫМЕН МАҚТАНУҒА БОЛМАЙДЫ
Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары Қазақстанда ақша жуу фактілері әлдеқайда жиі тіркеле бастағанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 140 қылмыс анықталды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда бірден 84 пайызға көп. Соңғы он жылда мұндай көрсеткіш болмаған.
Анықталған 140 қылмыстың 130-ы, яғни 93 пайызы ауыр санатқа жатады.
КІМДЕР АҚША ЖЫЛЫСТАТҚАН
Сарапшылардың дерегінше, 98 істің тергеуі аяқталды, 93 іс сотқа жіберілді. Ал 15 іс айыптаудың негізсіздігіне байланысты есептен шығарылды.
Жалпы 2025 жылы Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша 172 іс қаралды. Оның ішінде 121 іс аяқталды, 116 іс сотқа жолданды.
2025 жылы ақша жуу қылмыстары бойынша 42 адам күдікті деп танылды. Олардың жартысы жоғары білімді, жеті адам әйелдер. Көпшілігі – 29 адам – қылмыс жасаған кезде 30 жастан асқан.
Кәсіп бойынша сегізі – жеке кәсіпкер, екеуі – мемлекеттік қызметші, біреуі – жұмысшы. Ал 24 адам жұмыссыздар қатарынан болды.
СОТ ҮКІМДЕРІ
2025 жылы 218-бап бойынша 15 адам сотталды, олардың ішінде бес әйел бар. Жеті адам бас бостандығынан айырылды, бес адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қалғандарына 7,9 миллион теңге көлемінде айыппұл, шартты жаза және жазаны өтеуді кейінге қалдыру шаралары қолданылды.
КРИПТОВАЛЮТА СХЕМАЛАРЫ
Ақша жылыстату қылмыстарының көбеюі жасырын криптовалюта саудасына қатысты схемалардың әшкереленуімен байланысты болуы мүмкін. Қаржы мониторингі агенттігі өткен жылы 130 заңсыз криптобиржаны жойғанын хабарлаған еді.