2026 жылдың 30 қаңтарында Германияның федералдық жерлерін білдіретін орган – Бундесрат жыл басындағы алғашқы отырысында Украинаға қолдау көрсету туралы резолюция қабылдады. Бұл құжат соғыстың төрт жылдығына орай қабылданып, Киевке көмекті күшейту және Ресей әскерін Украина аумағынан шығару қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰЖАТТЫҢ МАЗМҰНЫ
Резолюцияда Украинаға көмек көрсету федералдық орталықтың, жергілікті биліктің және коммуналдық құрылымдардың ортақ міндеті екені айтылып, барлық деңгейдегі билік органдарының үйлесімді әрекеті талап етілетіні көрсетілген.
РЕСЕЙГЕ ҚАТАҢ ШАҚЫРУ
Бундесрат Ресейге барлық шабуылдарды дереу тоқтатып, Украина аумағынан толықтай кетуді талап етті. Құжатта бейбіт тұрғындарға және азаматтық нысандарға жасалып жатқан соққылар, әскери қылмыстар, адам құқықтарының бұзылуы және халықаралық гуманитарлық құқықтың өрескел бұзылуы «ең қатаң түрде» айыпталды.
ЕҢ ҚИЫН ҚЫС
Германия Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Флориан Хан резолюцияны федералдық үкімет атынан қолдады. Оның айтуынша, Украинадағы гуманитарлық жағдай бұрын-соңды болмаған деңгейде күрделі.
«Украина соңғы төрт жылдағы ең ауыр қысты бастан өткеріп жатыр. Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдарына байланысты жедел қолдау көрсету қажеттілігі туындап отыр», – деді Хан.