×
501.02
597.27
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.02
597.27
6.59

Атырауда 15 жыл бұрын апатты деп танылған үйде тұрғындар әлі өмір сүріп жатыр

Бүгін, 12:10
Атырауда 15 жыл бұрын апатты деп танылған үйде тұрғындар әлі өмір сүріп жатыр
Kazinform

Атырау облысында қазір апатты деп танылған 190-нан астам тұрғын үй бар. Соның шамамен 90-ы облыс орталығында орналасқан. Ғасырға жуық уақыт бұрын салынған баспаналар адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтқан тұрғындар дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Атыраудағы Шүкір Еркінов көшесінде қабырғасы сөгіліп, төбесі опырылуға шақ тұрған үйлер бар. Сыртқы көрінісі әбден тозған №4 және №4а үйлері шамамен 70 жыл бұрын тұрғызылған. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік бұған дейін бірнеше мәрте жаңа пәтер береміз деп уәде еткен, алайда нақты нәтиже жоқ.

Тұрғын Фариза Сәрсенғалиеваның сөзінше, бұған дейін қала әкімі Шәкір Кейкин халықпен кездесуде оларды «Огородный» шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты үйге көшіреміз деп сендірген. Алайда биыл бұл мәселе қайта өзгерген.

— Қазір біз тұрып жатқан үй ешбір мекеменің балансында жоқ. ПИК те құрылмаған, — дейді ол.

Тұрғындар жыл сайын пәтерлерін өз күштерімен жөндеуге тырысқанымен, қабырғалар дым тартып, көгеріп, тұруға қолайсыз болып барады.

Айзада Бейсембайдың айтуынша, үйде жылу мәселесі де күрделі.

— Үйіміз жылы, таза болса, ескі екеніне қарамас едік. Бірақ жылу жоқтың қасы, қысым жетпейді. Үй ішінде сырт киіммен жүреміз. Кей көршілеріміз пәтер жалдап кетуге мәжбүр. Қалтасы көтермегендер осында қалуда. Жиһаздар көгеріп кетті. Адамдар несие алып, жөндеу жасайды, бірақ нәтиже шамалы, — дейді ол.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, Шүкір Еркінов көшесінде апатты деп танылған үш үй бар. Оның бірінде 22 пәтер орналасқан. Бұл үйлер 2011 жылы ресми түрде апатты санатына енгізілген.

Мекеме өкілдері 2029 жылға дейінгі жол картасы бекітілгенін айтады. Биыл жыл басында екі апатты үйді бұзу жөнінде шешім қабылданған. Қалған 89 үйдегі тұрғындарды 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған.

— Бюджеттен қаржы бөлініп, пәтер сатып алу арқылы апатты үйлердің тұрғындары баспанамен қамтамасыз етіледі, — деді бөлім секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.

Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 7-8 апатты үйдің тұрғындары көшіріледі. Алайда алдағы үш жылда бұл көрсеткішті арттырмаса, жоспар орындалмайды. Әкімдік межеге жету үшін жылына кемінде 29 үйді көшіруі тиіс.

Айта кетейік, облыста 2023 жылы – 13, 2024 жылы – 24, ал 2025 жылы 20 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілген.

 

Серіктес жаңалықтары