Қазақстанның реттеуші органдары банктер арқылы жасалған ірі аударымдарға қатысты тексеріс бастады. Бұған триллиондаған теңге шығарылды деген мәлімдемелер себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл мәселелерді қарау үшін бірқатар банктің трансшекаралық операцияларына белгіленген тәртіпте тексеріс жүргізу басталған. Тексеріске Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Ұлттық банкі және Қаржылық мониторинг агенттігі қатысып жатыр.
КОНТЕКСТ
Әңгіме 2025 жылы көршілес елдердің бірінен бір қазақстандық банк арқылы үшінші мемлекеттерге аударылған 7 трлн теңгеден астам қаржы туралы болып отыр. Жақында бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігіндегі кеңесте назар аударған. Президент күмәнді және заңсыз банк операцияларын бақылауды күшейту қажет екенін айтқан еді.