×
505.17
599.54
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.17
599.54
6.59

Қытайлықтар Қызылорда облысында газ өндіруге 8 млрд доллар "құймақ"

Бүгін, 17:02
Қытайлықтар Қызылорда облысында газ өндіруге 8 млрд доллар "құймақ"
Ulysmedia.kz коллажы

Қытайлық инвесторлар Қызылорда облысында газ өндіру жобасына шамамен 8 млрд доллар құюды жоспарлап отыр. Жоба қиын өндірілетін, дәстүрлі емес газ қорларын игеруге бағытталған. Алайда бұл жоспар қор көлемі толық барлау кезінде расталған жағдайда ғана іске асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан үшін жаңа бағыт

Қазақстан мен халықаралық Geo Jade Petroleum Corporation компаниясы Қызылорда облысындағы Созақ газ кен орнын игеру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Kazakh Invest басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов бұл жобаның Қазақстан үшін ерекше маңызы бар екенін айтты.

Оның сөзінше, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа бағыт. Себебі жобада қиын өндірілетін және дәстүрлі емес газ игеріледі. Мұндай газды өндіру технологиясы қазір тек АҚШ пен Қытайда ғана бар. Ал сарапшылардың бағалауынша, әлемде мұндай газ қоры кәдімгі табиғи газдан бірнеше есе көп.

Жобаға қытайлық және катарлық компаниялардан құралған консорциум инвестиция салады. Қазақстан тарапы жобаны тек сүйемелдеу қызметін атқарады.

Қазақстанға не пайда?

Kazakh Invest өкілдерінің айтуынша, жобаның Қазақстан үшін нақты пайдасы бар.

Біріншіден, жұмыс орындары ашылады.
– Толық барлау кезеңінде 2 мыңға дейін,
– Ал толық өндіру басталған соң 5 мыңға дейін адам жұмысқа тартылады.

Екіншіден, салық түсімі. Жоба толық іске қосылғаннан кейін Қазақстан бюджетіне 5 млрд долларға дейін салық пен төлемдер түсуі мүмкін.

Үшіншіден, инвестор Қазақстанға қиын өндірілетін газды игеру технологиясымен бөлісуге дайын екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар, газдың барлығы ішкі нарыққа жеткізілуі мүмкін.

– Біз инвестормен барлық өндірілген газды ел ішінде пайдалану мәселесін талқылап жатырмыз. Газ-химия кешенін салып, газдан пластик, тыңайтқыш сияқты өнімдер шығару нұсқасын ұсынып отырмыз. Бірақ бәрі баға мен келісім шарттарына байланысты, – дейді Сұлтанғали Кенжеқұлов.

Қазіргі таңда жоба тәуекелі жоғары деп бағаланып отыр. Алдын ала есеп бойынша, қиын өндірілетін газ қоры шамамен 1 трлн тонна болуы мүмкін. Енді Geo Jade Petroleum Corporation доразведка жұмыстарын бастайды.

Компания басшысы Чэнь Хуаньлон Созақ кен орнының әлеуетіне сенімді екенін айтты.

– Созақ – Қазақстандағы қиын өндірілетін газ қоры бойынша ең ірі кен орындарының бірі. Біз бар күшімізді салып, барлау мен өндіру жұмыстарын жалғастырамыз, – деді ол.

Биыл толық барлау жұмыстарына 250 млн доллар бөлінуі жоспарланған. Инвесторлар жобаның экологияға қауіп төндірмейтінін, кен орны елді мекендерден алыс орналасқанын және заманауи технологиялар қолданылатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары