×
503.44
593.35
6.55
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.44
593.35
6.55

"Тіл мәселесі үш жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды" - баспагер

Бүгін, 10:10
"Тіл мәселесі үш жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды" - баспагер
Ulysmedia.kz коллажы

Баспагер Бақытжан Бұқарбай соңғы уақытта қоғамда Конституция тақырыбының неге жиі көтерілмейтіні жөніндегі сауалдарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселенің тарихи және саяси контексті бар, ал бүгінгі геосаяси ахуал бұрынғы кезеңдермен салыстыруға келмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұқарбайдың айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2011 жылы, геосаяси жағдай қазіргіден әлдеқайда тыныш болған. Сол кезеңде Мұхтар Шаханов бастаған бір топ зиялы қауым Конституциядағы атышулы бапты алып тастауды талап етіп, «138-дің хатын» жариялаған.

- Алайда бұл бастама сол кезде өтпей қалды, – деді баспагер.

Оның пайымдауынша, уақыт өте келе тіл мәселесінің геосаяси салдары айқын көрінді. 

- Уақыт көрсеткендей, тіл мәселесі үш жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды. Кім білсін, сол жылдары Жаратқан қазақты үлкен қатерден сақтап қалған да болар, – деді ол. Ал қазіргі сыртқы саяси жағдайды ол бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейтіндей күрделі әрі қауіпті деп бағалады.

Сонымен қатар, баспагер Конституциядағы даулы баптың сақталғанына қарамастан, қазақ тілінің соңғы жылдары айтарлықтай дамығанын атап өтті.

- Сол баптың болуына қарамастан, ана тіліміз 2011-ден бері өте қарқынды дамығанына оған ес білгелі қызмет етіп келе жатқан мен де, өзіңіз де куәсіз, – деді Бұқарбай.

Ол саясаттағы негізгі қағидалардың бірі – реализм екенін алға тартты. Оның сөзінше, саясат идеал мен тілекке емес, нақты жағдайға, күштердің арақатынасына және қолда бар ресурстарға сүйенеді.

- Саясатта “политика — это искусство возможного” деген қағида бар. Біз дәл қазір саяси реалист болуымыз қажет, – деді ол.

Бұқарбай жуырда Давоста сөйлеген әлемдік көшбасшылардың сөздеріне назар аударуды ұсынды. Оның айтуынша, тіпті экономикасы дамыған, НАТО-ға мүше Канада премьер-министрінің өзі елін «орта державалар» қатарына жатқызып, ірі державалардан туындайтын қатерге толық тойтарыс бере алмайтынын ашық мойындаған.

- Ал Қазақстанның әлеуеті қай деңгейде екенін айтпасам да, өзіңіз бағамдай аласыз, – деді ол.

Баспагер қазіргі кезеңді үлкен саясатта бір қадам алға жасап, екі қадам кейін шегінуге тура келетін уақыт ретінде сипаттады. Дегенмен ол саясатта ештеңе мәңгі емес екенін айтып, болашақта қолайлы кезең туатынына сенім білдірді.

- Ыңғайлы кезең әлі туады, сол кезде бір емес, үш қадам алға басамыз, Құдай қаласа, – деді Бұқарбай.

Сонымен қатар, ол қазіргі сыртқы қысым жағдайының өзінде Конституцияда ұлттық мүддеге қызмет ететін тұстар күшейгенін атап өтті. Соның бірі ретінде Атазаңның преамбуласын мысалға келтірді.

- Қазір қолданыстағы Атазаңда преамбула декларативтік сипатта, ұлттық мазмұн толық ашылмаған. Ал ұсынылып жатқан жаңа жобада тарихи сабақтастық айқындалып, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тарих қойнауына терең кететіні нақты шегелеп жазылған, – деді ол.

Бұқарбайдың пікірінше, бұл норма сырттан төнетін қауіп-қатер жағдайында маңызды саяси әрі символдық қорған болып табылады.

- Мұның өзін қосу оңай бола қоймады деп ойлаймын, – деді баспагер.

Ол сөз соңында қоғамды бұл өзгерістерді түсініп, байыппен бағалауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары