Өзбекстан мен Әзербайжан Ресей аумағын айналып өтетін көлік дәліздерін дамыту жөнінде Грузиямен келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Тараптар Ресей аумағын айналып өтетін Транскаспий бағытын дамыту мақсатында теміржол тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл Грузияның транзиттік рөлін нығайтып, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді.
Өзбекстанның бұл бағытқа қосылуы Қырғызстан арқылы өтетін, оны Қытаймен байланыстыратын жаңа теміржол желісінің салынуы есебінен жүзеге аспақ.
Осылайша, Қытайдан шығатын жүктерді енді тек Қазақстан арқылы ғана емес, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы да тасымалдауға болады. Одан кейін олар Каспий теңізіндегі Қазақстан немесе Түрікменстан порттары арқылы Әзербайжанға жеткізіліп, әрі қарай Грузия арқылы Түркия мен Еуропаға жөнелтіледі.
Бұл Транскаспий бағытының дәстүрлі тармағындағы жүктемені азайтып, жүк ағындарын қайта бөлуге әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.