Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ведомство жарна есептеу, ұстау және аудару қағидаларына түзетулер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Өзгеріс мемлекет жарна төлейтін жұмыссыз азаматтардың аумақтық тиесілігін нақтылауға қатысты. Әңгіме өмірлік қиын жағдайға тап болған және соңғы үш айда зейнетақы аударымдарын жасамаған азаматтар жөнінде болып отыр.
Министрлік оларды тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша есепке алуды ұсынады. Бұл өңірлер арасындағы шығындарды дұрыс бөлу үшін қажет екені айтылған.
Құжатта түзетулер азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігіне әсер етпейтіні көрсетілген. Әлеуметтік осал топқа жататын тұлғалар МӘМС жүйесінде сақтандырылған және алғашқы медициналық көмектен бастап мамандандырылған емге дейін толық қызмет алуға құқылы.
Жоба 2026 жылғы 25 ақпанға дейін «Ашық НҚА» порталында талқыланады.