×
491.88
585.83
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.88
585.83
6.36

Комиссия жұмысты аяқтады: жаңа Конституцияның тағдыры референдумда шешіледі

Бүгін, 16:13
Комиссия жұмысты аяқтады: жаңа Конституцияның тағдыры референдумда шешіледі
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Қатысушылардың басым бөлігі жаңа Конституция жобасы дайын екенін және оны жалпыхалықтық референдумға шығаруға болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері барынша жетілдірілді. Терминологиялық және мағыналық бірізділік қамтамасыз етілді. Құқықтық нормалардың тұжырымдары нақты беріліп, мазмұны әр азаматқа түсінікті болатындай жазылды. Жоба комиссия мен оның жұмыс топтарының аясында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің қоғам өкілдерімен кездесулері барысында да құжат негізінен оң бағаланды. Жаңа Негізгі заңымыз қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Бақыт Нұрмұханов.

ТАҒЫ КІМДЕР ҚАТЫСТЫ

Отырыс барысында депутаттар Айдос Сарым, Азат Перуашев, Асхат Рахымжанов, Айдарбек Ходжаназаров, Магеррам Магеррамов және саясаттанушы Марат Шибутов пікір білдірді. Сөз алғандардың барлығы «жоба осы нұсқасында жалпыхалықтық референдумға шығарылуы мүмкін» екенін атап өтті.

РЕФЕРЕНДУМ

КС төрайымы Эльмира Әзімова қорытынды сөз сөйледі. Ол Конституциялық комиссияның миссиясы аяқталғанын мәлімдеді.

- Сын пікірлердің өзі мәтінді жетілдіруге түрткі болды. Біз әрбір уәжді жан-жақты талдап, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені ескере отырып, салмақты шешім қабылдауға тырыстық, – деді ол.

Комиссия құрамына 130-дан астам адам кірді. Олар жобаны талқылап, түзетулер мен ұсыныстар енгізді, пікір алмасты. Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығару бастамасын қолдады, деп қосты Әзімова.

- Комиссия – президент жанындағы консультативтік орган. Сондықтан көпшіліктің пікірін ескере отырып, пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды мемлекет басшысына ұсыну қажет деп санаймын, – деді Әзімова.

Комиссия жұмысының қорытындылары президентке ұсынылады. Жаңартылған жоба мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында қайта жарияланып, сондай-ақ ресми сайттар мен арналарда орналастырылады.

Серіктес жаңалықтары