12 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 13:52-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылады. Зымыранға улы гептил отынын құюға рұқсат берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
«Роскосмос» таратқан мәліметке сәйкес, мемлекеттік комиссия «Протон-М» зымыран тасығышына гептил отынын құюға ресми түрде рұқсат берген. Бұл шешім зымыранның бүгін белгіленген уақытта көкке көтерілуі жоспарланып отырғанын білдіреді.
Комиссия құрамында Қазақстан өкілдерінің болуы — екі ел арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жөніндегі келісімдерде айқындалған талап.
«Роскосмос» өзінің Telegram-арнасында зымыранның техникалық сипаттамаларын жариялады. Онда зымыранға аса улы гептил отыны, сондай-ақ азот тетроксиді құйылатыны көрсетілген.
Бастапқы жоспарға сәйкес, Ресей Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» зымырандарын ұшыруды 2026 жылы тоқтатуы керек еді. Алайда Мәскеу белгіленген мерзімге дейін барлық зымырандарды іске қосып үлгермейтінін айтып, бұл уақытты кейінге шегеруді өтінген.
«Роскосмос» өкілдерінің хабарлауынша, қазір тараптар «Протон» зымырандарын пайдалану мерзімін 2032 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін талқылап жатыр.
Контекст
2017 жылы Қарағанды облысындағы (қазіргі Ұлытау облысы) Жезқазған қаласының маңында ресейлік «Союз 2-1а» зымыран тасығышының бөлшегі құлағаннан кейін далада тұтанған өрт салдарынан екі адам қайтыс болған. Қазақстанның төтенше жағдай комитеті олардың екеуі де далаға құлаған зымыран сынықтарын жинау жұмыстарына қатысқанын хабарлаған.
2013 жылы 2 шілдеде Ресейдің «Протон-М» зымыран-тасығышы құлаған. Сол уақытта онда 600 тонна улы гептил отыны болғаны айтылған. Құлауға куә болғандар зымыран жерге түскеннен кейін аспанға сары түсті бұлт көтерілгенін айтқан. Сол кездегі «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев оқиғадан кейін бірден бұлттың ауада жанып кететінін, елдімекендерге жетпеуі тиіс екенін мәлімдеді. Кейіннен осы жылдың қыркүйегінде Байқоңырда «Протон» зымырандарының ұшырылымы қайта жалғасқан. Елде «Антигептил» қозғалысы пайда болып, белсенділер «Протон» зымырандарын ұшыруға тыйым салуды талап еткен.