Стамбул қаласында қоқыс жәшігінен бөлшектелген 37 жастағы Өзбекстан азаматы Дурдона Хакимованың мәйіті табылғаннан кейін тергеу жаңа жайттарды анықтады. Хакимова өлтірілген пәтерде тағы бір өзбекстандық әйелдің өлтірілгені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Дурдона Хакимованың дене бөлшектері 24 қаңтар күні Стамбулдың Шишли ауданынан табылған. Бұл оқиға Түркияда да, өзбек диаспорасы арасында да үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
Түркиялық БАҚ-тың прокуратура мен құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлауынша, қамауға алынған күдіктілердің бірі тергеу барысында Хакимованы өлтіргеннен кейін тағы бір әйелді — 32 жастағы Өзбекстан азаматы Сайёра Эргашалиеваны да өлтіргендерін мойындаған. Екінші жәбірленушінің дене бөліктері де қаланың әртүрлі жерлеріне тасталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, екі қылмыс та әйелдер күдіктілермен бірге тұрған пәтерде жасалған.
Түркияның Habertürk басылымының хабарлауынша, 32 жастағы Өзбекстан азаматы Сайёра Эргашалиева Түркияға өткен жылдың 28 желтоқсанында келген. 23 қаңтардан бастап хабар-ошарсыз кеткен. Тергеу барысында полиция әйелдің соңғы рет (кейіннен Дурдона Хакимова өлтіріліп, бөлшектелген) көпқабатты тұрғын үйге кіріп бара жатқанын анықтаған.
Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижесінде, 23 қаңтар күні Эргашалиеваның үйге кіргені, көп ұзамай сол жерге Хакимованы өлтірген күдіктілер 31 жастағы Д.А.У.Т. және 29 жастағы Г.А.К. (екеуі де Өзбекстан азаматтары) келгені белгілі болған. Басылым мәліметінше, екі әйел мен екі ер адам шамамен бір ай бойы бір пәтерде бірге тұрған. Сондай-ақ Сайёраның Г.А.К.-мен жақын қарым-қатынаста болғаны анықталған.
Камера жазбаларында 24 қаңтар күні күдіктілердің үйден бірнеше рет қара түсті қоқыс қаптарын алып шыққаны, кейін ақ түсті чемоданмен ғимараттан кеткені көрінеді. Полиция дерегіне сәйкес, олар таксимен Фатих ауданына барып, чемодан ішіндегі заттарды қоқыс жәшігіне тастаған. Одан кейін жаяу Мармарай — Еникапы метро станциясына қарай бет алған.
Күдіктілер Түркиядан Грузияға ұшып кетпек болған кезде ұсталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта олар кісі өлтіру дерегі бойынша тергеліп жатыр.