×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

Қазақстанда пәтер бағасы қанша және алдағы уақытта қалай өзгереді?

Бүгін, 13:13
Қазақстанда пәтер бағасы қанша және алдағы уақытта қалай өзгереді?
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың қаңтарында Қазақстандағы тұрғын үй бағасы өсуін жалғастырды. Әсіресе, жаңа салынған үйлердің бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Нарық сегменттеріне қарай өсім қарқыны әртүрлі болды: бастапқы нарықтағы тұрғын үй бір жылда 17 пайызға, ал қайталама нарықтағы баспана 13,6 пайызға қымбаттаған. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер инфляция деңгейінен (12,2%) едәуір жоғары. Бұл деректерді Halyk Finance сарапшылары келтіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қай қалада тұрғын үй қымбат?

Бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен: қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін БЖЗҚ-дан алынатын төлемдер, жалпы инфляция және үлестік құрылыс ережелерінің қатаңдатылуы.

Жаңа тұрғын үйлер бағасының өсуі бойынша көшбасшы — Алматы. Мұнда бір шаршы метрдің құны бір жылда 23,6 пайызға артқан. Одан кейін Павлодар (18,5%) мен Ақтөбе (18,4%) тұр. Астанада баға 18,1 пайызға, Шымкентте 15,1 пайызға өскен.

Ал Қарағанды мен Семей қалаларында жаңа үйлердің бағасы 3 пайыздан аз қымбаттаған. Петропавлда баға өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.

Қайталама нарықта да осындай жағдай байқалады. Алматыда тұрғын үй бағасы 24 пайызға, Павлодарда 16,2 пайызға өскен. Ал Қарағанды мен Қонаев қалаларында өсім ең төмен деңгейде — тиісінше 2,6 және 0,9 пайыз.

Сонымен қатар, жалға алу нарығында да баға көтерілген. Ел бойынша орташа есеппен жалдау ақысы 12,5 пайызға артқан. Ең жоғары өсім Павлодарда (47,1%), Петропавлда (40,1%) және Ақтөбеде (23,4%) тіркелген.

Сату-сатып алу мәмілелері азайды

2026 жылдың қаңтарында тұрғын үйді сату-сатып алу мәмілелерінің саны қысқарған. 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда мәмілелер 10,3 пайызға азайса, 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда шамамен екі есеге төмендеген.

Қаңтар айында барлығы 27,7 мың мәміле тіркелген. Олардың басым бөлігі көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге қатысты. Нарықтағы негізгі белсенділік Астана, Алматы және Қарағанды облысында сақталып отыр. Ал мәміле саны ең аз тіркелген өңір — Ұлытау облысы.

Сұраныс негізінен бір және екі бөлмелі пәтерлерге бағытталған. Ал жеке тұрғын үйлердің сатылымы шамамен екі есеге қысқарған. Сарапшылар мұны маусымдық факторлармен, салықтық өзгерістермен және ипотекалық талаптардың қатаңдауымен байланыстырады.

2026 жылға болжам

Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы тұрғын үй нарығы өсу аймағында қала береді, алайда сұраныс бұрынғыдай қарқынды болмайды. Сатып алушылардың белсенділігіне ҚҚС-тың өсуі, ипотекалық несиелеу шарттарының қатаңдауы және қарыз алушылардың төлем қабілетіне қойылатын талаптардың күшеюі әсер етеді.

Сонымен қатар, БЖЗҚ-дағы ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілуі зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын отбасылар санын шектеуі мүмкін.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Ол құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды күшейтіп, құрылыс процесіне бақылауды арттырады. Қысқа мерзімде бұл тұрғын үй бағасының өсуіне және сұраныстың сәл бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімді перспективада құрылыс сапасы артып, нысандардың қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейі күшейеді.

Нарықты қолдайтын факторлардың қатарында жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың жалғасуы да бар.

Серіктес жаңалықтары