×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

Маңғыстауда шыныпластик құбырлар зауытының қызметкерлері жұмыссыз қалды

Бүгін, 13:31
Маңғыстауда шыныпластик құбырлар зауытының қызметкерлері жұмыссыз қалды
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысында шыныпластик құбырлар шығаратын зауытта жұмысшыларды жаппай қысқарту жоспарланып отыр. Кәсіпорын қызметкерлерінің шамамен жартысына алдағы уақытта жұмыстан босатылатыны туралы ескерту хаттары таратылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жұмыссыз қалу қаупі туындаған соң зауыт қызметкерлері облыс әкімдігіне жүгінген, деп жазады Lada.kz.

Аталған зауыт бұрын Маңғыстаумұнайгаз АҚ құрамындағы кәсіпорындардың бірі болған, кейін жекеменшікке өткен. Осыдан кейін өндіріс тұрақсыздыққа тап болған. Соңғы 3–4 жылда жұмыс көлемі құбылып, жалақы деңгейі төмен болып келген.

Қызметкерлердің айтуынша, тапсырыстардың болмауына байланысты олар жеті ай бойы жалақының тек 50 пайызы сақталған мәжбүрлі демалыста жүрген. Жуырда шамамен 80 адамға қысқартылатыны жөнінде ресми хабарлама берілген.

- Мұнда түгелдей дерлік жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Көпшілігіміздің еңбек өтіліміз 20 жылдан асады. Әрқайсымыздың отбасымыз бар, үш-төрт баладан, несиелер бар, қазір инфляция да қатты. Енді қысқартуға ұшырағалы отырмыз. Отбасымызды қалай асыраймыз, коммуналдық төлемдерді қалай төлейміз? Біз кәсіпорынды қайтадан ММГ құрамына қайтарып, тұрақты жұмыс болғанын қалаймыз, — дейді зауыт жұмысшылары.

Зауыт басшылығы не дейді?

Шыныпластик құбырлар зауыты ЖШС директоры Данияр Шманов жұмысшыларды қысқарту амалдың жоғынан қабылданып отырған шешім екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын банкроттықтың шегінде тұр және барлық қызметкерге жалақы төлеуге мүмкіндігі жоқ.

- Қазақстанда бәсекелестік жоғары. Жақында Алматыда осындай зауыт ашылды. Онда жаңа технологиялар қолданылған, сондықтан өнімнің өзіндік құны төмен. Бізде екі цехты қатар ұстап тұратындай тапсырыс көлемі жоқ. Сол себепті қысқартуға баруға мәжбүрміз, — деді ол.

Қандай шешім қабылданды?

Облыс әкімдігінде өткен кездесуде тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Жұмысшыларға басқа жерден жұмыс іздеу ұсынылған.

Серіктес жаңалықтары