Freedom Finance пен КазТАГ басылымы арасындағы сот жабық өтетін болды. Медеу аудандық соты осындай шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
16 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Freedom Finance пен ҚазТАГ арасындағы сотты жабық өткізуге шешім шығарды. Судья Жаңабаев Freedom Finance өкілдерінің өтінішхатын қанағаттандырды.
ҚазТАГ басылымының үстінен «Іскерлік беделіне нұқсан келтіру» бабы бойынша сотқа шағым түсірген Freedom Finance өкілдері процеске журналистердің қатысуына қарсылық білдірді.
Адвокат Антон Каминский іс метариалдарында адамдардың жеке деректері мен банк және қаржы құпиялығына қатысты құжаттар барын айтты. Ол «процеске журналистердің қатысуы – сотқа қысым жасау» деді.
«[Журналистердің] сотқа қатысуына қарсымыз. Сол себепті процеске БАҚ өкілдерін қатыстырмау туралы біздің өтінішімізді қанағаттандыруды сұраймыз», – деді ол.
ҚазТАГ өкілдері оның бұл өтінішіне қарсылық білдірді. Олар процестің ашық екенін алға тартып, егер істе адамдардың жеке деректері мен қаржы құпиясына қатысты құжаттар болса, соттың сол бөлігін ғана жабық етуге болатынын алға тартты. Адвокат Лена Жигаленоктың сөзінше, Freedom Finance түсірген шағымда банк құпиясына жататын бірде-бір сөз жоқ.
ҚазТАГ басылымының директоры Әсет Матаев процесс ашық болғандықтан журналистерді қатыстыру қажет екенін айтты.
«Олар өздерінің шағымында әу баста банк құпиясы туралы мәселе қоймаған. Ал қазіргі әрекеттері жай Қазақстандағы сөз бостандығын шектеу ғана. Сол себепті мен процестің ашық өткені дұрыс деп есептеймін», – деді Әсет Матаев.
Процеске онлайн қатысқан адвокат Светлана Оралбаева өтінішхатты соттың қарауына қалдырды.
Контекст
ҚазТАГ агенттігі былтыр өзінің You Tube арнасында және сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше видео мен мақала жариялаған. Агенттік іске қатысты барлық ақпараттардың дереккөзі «адвокат Светлана Оралбаева мен зардап шеккендер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Гайфулина болып табылады» деген.
Freedom Finance компаниясы осы іске қатысты БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарды дәлелсіз, бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, «ұйымдастырылған PR шабуыл» деп атаған. Freedom Finance компаниясын Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) басқарады.
Бұған дейін ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновтың үстінен Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша 274-бап «жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтылған.
Ақпанның басында ҚазТАГ агенттігі Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темірлан Беков түсірген талап-арыз бойынша сотта жеңіске жеткенін хабарлаған.
Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темерлан Беков ҚазТАГ-та жарияланған «Freedom Finance-тің тағы бір топ-менеджері қылмыстық істің фигуранты атанды» деген материалды шындыққа жанаспайды деп тануды талап еткен. Ол бұл жарияланым өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтқан.
Беков соттан материалды өшіруді және моральдық зиянды өндіруді сұраған. Алайда сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартқан. Сонымен қатар, Бековтен ҚазТАГ өкілінің қызметіне кеткен шығын ретінде 20 мың теңге өндіруге қаулы еткен.