Саяси белсенді Санжар Боқаев АҚШ-қа қоныс аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Санжар Боқаев Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасап, кейінгі уақыттары не себепті қоғам алдына шықпай кеткенін түсіндірді. Оның сөзінше, қазір АҚШ-та бизнеспен айналысып жатыр, алайда Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды мәселелер бойынша пікірін әрі қарай да бөлісуге ниетті.
Боқаев «нәтижесіз қоғамдық жұмыстан» шаршағанын айтты.
«Ешкімге ешнәрсе керек емес екенін түсіндім. Қайырымы жоқ қоғамдық жұмысты түсіреміз, айтамыз. Нақты фактімен, сандармен көрсетеміз. Бірақ нәтиже жоқ. Сосын, онда мұның бәрін жасаудың мәні бар ма өзі деген ойға келесің. Егер мемлекетке керек емес болса, қоғамға керек емес болса, мен «жағымсыз жаңалықтардың өндірушісі» болғым келмейді. Мен шаршадым», – деді ол желіде жариялаған видеосында.
Контекст
43 жастағы Санжар Боқаев 2022 жылы «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеп, оны тіркете алмаған.
2023 жылы өткен парламент сайлауында депутаттыққа өз-өзін ұсынып, мәжіліске өтпей қалған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген. Бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.
Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі болды.
«Нұр Отан» (қазіргі биліктегі Аманат) партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.