Украина әскері Краснодар өлкесіндегі Ильский мұнай өңдеу зауытына соққы бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, нысана дәл тигізіліп, зауыт аумағында өрт шыққан. Ильский мұнай өңдеу зауыты Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады әрі ресейлік армияны қамтамасыз етуге тартылған, деп жазады BBC.
Таңертең Краснодар өлкесі әкімшілігінің жедел штабы ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан Ильский МӨЗ аумағында өрт шыққанын хабарлады. Өрттің жалпы аумағы шамамен 700 шаршы метр.
Сондай-ақ Краснодар өлкесінің билігі таңғы уақытта Қара теңіздегі Тамань портына дрондармен кезекті шабуыл жасалғанын және мұнай өнімдері сақталған резервуардың жанғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Саратов мұнай өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылының егжей-тегжейі белгілі болған еді. Украина Қарулы күштері Бас штабының дерегінше, Саратов МӨЗ — Ресейдегі ең көне мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі. 2023 жылы онда мұнай өңдеу көлемі 4,8 млн тоннаға жеткен. Бұл кәсіпорын да ресейлік армияның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қатысады.