Алматының Медеу аудандық сотында кәсіпкер Ольга Әбдығаппарованың ісі бойынша сот процесінде жарыссөз аяқталды. Әбдығаппарова соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол соттан өзін ақтауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
18 ақпанда өткен сот отырысында Ольга Әбдығаппарова соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, айып болжам негізінде құрастырылған деді. Сөзінше, сату және сатып алу келісімшарттарының барлығы компанияны «Қоспаевтың» ұйымдасқан қылмыстық тобы өкілдері басқарып тұрғанда жасалған. «Мен «AV-Construction» ЖШС басшысы болып келген уақытта компания өте қиын жағдайда болған. Сол себепті компанияны сақтап қалу үшін жұмыс істедім» деді ол.
«Мен компания басшылығына тағайындалған кезде, басқару жүйесі іс жүзінде күйреген еді. Компания ішінде корпоративтік жанжал орын алған, активтерге бақылау жоғалған болатын. Бұл жағдайлар «Коспаевтың» ұйымдасқан тобының қылмыстық әрекеттерінің салдарынан туындады және бұл мән-жайлар заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленген. Компания активтері шығарылған, іскерлік беделіне нұқсан келген, жоба тоқтап қалған, шаруашылық қызметі тұрақсыз күйге түскен еді. Мен дәл осындай дағдарыс жағдайында компания басшылығын қабылдадым. Мен қандай да бір қылмыстық жоспарды емес, басшы ретінде өз міндетімді атқардым. Менің әрекеттерім компанияны және ұжымды сақтап қалуға, қызметін қалпына келтіруге бағытталды. Бұл жөнінде іс материалдарында нақты айғақтармен көрсетілген», – деді Әбдығаппарова соңғы сөзінде.
Ольга Әбдығаппарова соттан «істе қылмыс құрамы болмауына байланысты» өзін ақтауды сұрады.
Сот үкімі 23 ақпанда оқылады.
Контекст
Бұған дейінгі сот отырысында прокурор «Ольга Әбдығаппарова «AV-Construction» компаниясына бақылау орнатылғаннан кейін, активтерді шығарып, өз отбасының мүддесі үшін әрекет етті» деп айыптап, оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот процесі дау болған Алматыдағы «Esentai City» құрылыс жобасы аясында өтіп жатыр.
Сотқа байланысты толық материалды мына жерден оқи аласыз.