Қазақстанда Рамазан айына орай ұйымдастырылған акцияға байланысты Starbucks төңірегінде дау туды. Наразылыққа акцияның өткізілу уақыты себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Желі «екі сусын — біреуінің бағасымен» форматындағы акцияны сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін ұсынған. Қолданушылар дәл осы уақытта ораза ұстаған мұсылмандардың күн батқанға дейін ішіп-жемейтініне назар аударды. Нәтижесінде Рамазанға арналып жарияланған акция ораза ұстайтындар үшін қолжетімсіз болып, көпшіліктің түсінбеушілігін туғызды. Кейбір пікір қалдырушылар мұны діни сезімдерді мазақ ету ретінде қабылдағанын айтты. Әлеуметтік желілерде желіні бойкоттауға шақырулар мен мәдени әрі рухани контексті ескеруге үндеген талаптар пайда болды.
Сонымен қатар, көптеген қолданушы Starbucks-тың бірқатар елдерде бұрыннан бойкот тізімінде тұрғанын еске салды: компанияны Израильдің Газа секторындағы палестиндіктерге қарсы әскери әрекеттерін қолдайды деп айыптайды. Сын күшейгеннен кейін Starbucks парақшасынан жарнамалық жазба өшірілді. Компания әлі күнге дейін ресми түсініктеме берген жоқ.
КОНТЕКСТ
Өткен жылдың сәуірінде Starbucks қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының сынына іліккен еді. Ол кезде компанияны қызметкерлерінің бір бөлігінің қазақ тілін білмеуі үшін айыптаған.