Украина президенті Владимир Зеленский Ресей және АҚШ қатысатын келіссөздердің келесі раунды қайда өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Зеленскийдің айтуынша, үшжақты келіссөздің Швейцария аумағында өтуі дұрыс шешім болған.
— Менің ойымша, Швейцарияда үшжақты кездесу өткізгеніміз дұрыс болды. Біз Таяу Шығыс пен өзге де елдердегі әріптестерімізді құрметтейміз және бағалаймыз. Алайда соғыс Еуропада жүріп жатқандықтан, келіссөздер өтетін орынды да Еуропадан тапқанымыз жөн, — деді Украина президенті.
Оның сөзінше, келіссөздердің келесі, төртінші раунды да Швейцарияда өтуі мүмкін.
— Келесі кездесу де Швейцарияда болатынын атап өткім келеді. Қазіргі таңда менде бар ақпарат осы. Әрине, делегация елге оралған соң, толығырақ мәлімет аламын, — деді Зеленский.
КОНТЕКСТ
Осы аптада келіссөздер Женева қаласында өтті. Мәскеу Донецк облысының шығыс бөлігінің шамамен 20 пайызын өзіне беруді талап етіп отыр. Сонымен қатар, Запорожье атом электр станциясы төңірегінде де талқылау болуы мүмкін. Аумақтық мәселе келіссөз күн тәртібіндегі ең күрделі тақырып болып қалып отыр.