Қырғызстанда Қазақстаннан жанармай тасымалдап, оны тасжол бойында сатып келген 37 жүргізуші ұсталды. Көліктер айыптұрағына қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қырғыз Республикасының ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының мәліметінше, рейд арнайы тексеріс аясында жүргізілген. Инспекторлар заңсыз орнатылған қосымша жанармай бактары бар көліктерді анықтаған. Негізінен жол талғамайтын көліктер болған.
Ведомство дерегінше, жүргізушілер жанармайды Қазақстаннан Қырғызстанға тасып, оны жол жиегінде сатып отырған. Әрқайсысына 5 500 сом (шамамен 30 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Барлық 37 көлік уақытша айыптұрағына орналастырылды. Олар қосымша бактар толықтай алынғаннан кейін ғана иелеріне қайтарылады.