×
496.85
585.54
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
496.85
585.54
6.49

Салықшылар енді азаматтардың несиесі мен шоттағы ақшасын көре алады

Бүгін, 17:33
Салықшылар енді азаматтардың несиесі мен шоттағы ақшасын көре алады
Ulysmedia.kz коллажы

Енді салық органдары қазақстандықтардың қанша несиесі барын және банк шоттарындағы қаражат қозғалысын да бақылап отырады. Биылдан бастап екінші деңгейлі банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке тұлғалардың шотындағы қалдық сомалар туралы ақпарат беруге міндеттелді. Бұған қоса, банктер клиенттердің картасына терминалдар арқылы түскен қаражаттың есебін де жолдап отырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы министрлігі бұл талаптар жаңа Салық кодексінде қарастырылған деп түсіндірді. Негізгі мақсат — көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтау, деп жазады Информбюро31.

Мемлекеттік кірістер комитеті қандай жағдайда тексеру жүргізілуі мүмкін екенін де нақтылап отыр. Ведомствоның жұртшылықпен байланыс хатшылық басқармасының сарапшысы Ұлдана Сүлейменнің айтуынша, егер бір шотқа қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп адамнан ақша түссе және жалпы сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, бұл кәсіпкерлік белгісі ретінде қаралады.

Сонымен қатар комитет өкілдері жеке мақсаттағы аударымдар, яғни көрімдік, байғазы немесе таныстар арасындағы ақша алмасу салықтық бақылауға жатпайтынын атап өтті.

Алайда салық сарапшылары іс жүзінде мұндай айырмашылықты анықтау оңай емес дейді. Салық маманы Айдар Масатбаевтың айтуынша, есеп беру кезінде техникалық шатасулар болуы мүмкін.

– Мысалы, бір адамның бір картасына 50 адам, екінші картасына 51 адам ақша аударды делік. Бірақ екі банк бұл мәліметті салық органына жібергенде, 100 адамнан түскен қаражат ретінде есептелуі мүмкін. Осындай жағдайда кәсіппен айналыспайтын азаматқа да ескерту келу қаупі бар, – дейді ол.

Соған қарамастан, сарапшы банктер арқылы көлеңкелі кәсіпкерлерді анықтау бастамасын қолдайды. Бірақ терминал арқылы түскен төлемдерді нақты ажырату мен талдау салық органдары үшін күрделі болуы мүмкін екенін айтады.

Айта кетейік, банктер кәсіпкерлік белгілері бар шоттар жөніндегі мәліметтерді салық органдарына әр үш ай сайын ұсынуға міндетті.

Серіктес жаңалықтары