Иваново соты Павлодарда 2024 жылғы 11 қарашада жасалған аса ірі банк тонауына қатысы бар деген күдікпен Ресей Федерациясының үш азаматын қамауға алып, тағы бірін үйқамаққа жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Еске салайық, қылмыскерлер Павлодардағы Halyk Bank филиалының қабырғасын бұзып кіріп, ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Ресей сотының материалдарына сәйкес, ұрланған мүліктің жалпы құны шамамен 400 млн рубль (қазіргі бағаммен шамамен 2,6 млрд теңге). Күдіктілерге ұйымдасқан топ болып, аса ірі көлемде ұрлық жасау бабы бойынша айып тағылған. Сондай-ақ келтірілген залал 23 Қазақстан азаматына тиесілі екені нақтыланады.
Қамауға алынғандардың бірінің адвокаты айыптаулармен келіспейді. Оның айтуынша, қорғауындағы адам мен өзге фигуранттардың банк тонауына қатысы жоқ, оларды тек оқиға болған күні Павлодарда болғаны үшін айыптап отыр.
— Менің қорғауымдағы адам, оның танысы және тағы екі Ресей азаматы тек сол күні Павлодарда болғаны үшін ғана айыпталды. Бұдан өзге дәлелдер жоқ, тіпті РФ азаматтарының екі жұбы арасында байланыс та анықталмаған, — деді адвокат Анастасия Терехова (РИА Новости келтірген дәйексөз).
Оның сөзінше, ер адам мен танысы Павлодарға «көліктерді қарап, кейін оларды Ресейге айдап апарып қайта сату» мақсатында келген.