×
497.56
586.92
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
497.56
586.92
6.44

АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы: қазіргі ахуал қандай

Бүгін, 13:01
АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы: қазіргі ахуал қандай
Ateo

Израильдің Иранға жасаған алдын ала соққысы Таяу Шығыстағы ахуалды қайта шиеленістірді. Бұл әрекет Тегеран мен Батыс елдері арасында жылдар бойы жалғасып келе жатқан ядролық дау-дамайды келіссөз арқылы шешу мүмкіндігін әлсіретіп, дипломатиялық үдерісті тығырыққа тіреуі мүмкін.

МӘН-ЖАЙ

Ulysmedia.kz редакциясы осы сәтке дейін белгілі болған деректерді жинақтады.

The New York Times басылымы америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ та Иранға соққы жасай бастағанын хабарлады. Ал Reuters агенттігінің дерегінше, Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи Тегераннан шығарылып, қауіпсіз жерге көшірілген.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац операцияның "мемлекетке төнген қауіптің алдын алу" мақсатында жүргізілгенін айтты.

– Операция бірнеше ай бойы Вашингтонмен үйлестіріліп жоспарланды, ал оны бастау туралы шешім бірнеше апта бұрын қабылданды, – деп жазды Reuters израильдік қорғаныс саласындағы дереккөзге сілтеме жасап.

Тегеран қаласында жарылыстар естіліп жатыр. Ал Израильде жергілікті уақытпен шамамен 08:15-те әуе дабылының сиреналары қосылды. Әскерилер бұл ықтимал зымыран соққысына байланысты алдын ала ескерту екенін мәлімдеді.

Израиль мектептер мен аса маңызды салалардан басқа кейбір жұмыс орындарының қызметі тоқтады, сондай-ақ азаматтық рейстер үшін әуе кеңістігін уақытша жапты.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын мәлімдеді.

Трамп АҚШ Иранның зымырандарын жоймақ, оның зымыран өнеркәсібін толық тоқтатпақ және елдің әскери флотын бейтараптандырмақ екенін айтты. Операцияның егжей-тегжейлері әзірше жарияланбады.

Сонымен қатар, Трамп Иранның Ислам революциялық гвардиясын қарудан бас тартуға үндеді.

Трамп Иран режимін "өте қауіпті және қорқынышты адамдардан тұратын қатыгез топ" деп сипаттады.

– Олардың қорқынышты әрекеттері тікелей АҚШ-қа, біздің әскерлерімізге, шетелдегі базаларымызға және әлем бойынша одақтастарымызға қауіп төндіреді, – деді ол.

КОНТЕКСТ

Маусым айында Израиль мен Иран арасында 12 күнге созылған әуе қақтығысы жағдайды одан әрі шиеленістірді. Бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранның ядролық және баллистикалық бағдарламаларын жалғастырған жағдайда жаңа соққылар жасауға дайын екенін ескерткен.

Ақпан айында Вашингтон мен Тегеран дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу үшін келіссөздерді қайта бастаған. Израиль кез келген келісім Иранның ядролық инфрақұрылымын толықтай жоюды және зымыран бағдарламасына қатаң шектеу енгізуді көздеуге тиіс деп талап етті. Ал Тегеран ядролық бағдарламаны шектеу мәселесін санкциялар алынған жағдайда ғана талқылауға дайын екенін білдірді, бірақ оны зымыран бағдарламасымен байланыстыруға қарсы шықты.

Иран АҚШ шабуыл жасаған жағдайда өңірдегі америкалық базаларға жауап соққы беретінін де ескертті.

Маусымда АҚШ Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға қарсы кампаниясына қосылып, Ислам Республикасына қарсы ең тікелей әскери қадамдардың бірін жасады. Бұған жауап ретінде Иран Қатардағы Al Udeid әуе базасына — Таяу Шығыстағы ең ірі америкалық базаға зымырандар ұшырды.

Батыс елдері Иранның баллистикалық бағдарламасы аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептейді және оны ядролық қаруды жеткізу құралы ретінде пайдалануы мүмкін деп қорқады. Ал Тегеран атом бомбасын жасауға тырысатынын жоққа шығарады.
 

Серіктес жаңалықтары