×
502.6
589.95
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.6
589.95
6.5

"Бір минутта қабылданған шешім": Сот ҚазТАГ бас редакторының шағымын қанағаттандырмады

Бүгін, 10:36
"Бір минутта қабылданған шешім": Сот ҚазТАГ бас редакторының шағымын қанағаттандырмады
ulysmedia.kz коллажы

Сот ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновті үйқамақта қалдыру туралы шешім шығарды. Журналистің қорғау тарапы сотқа үйқамақ мерзімін ұзарту туралы қарулыға қарсы шағым түсіріп, оны заңсыз әрі негізсіз деп санауды сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Әмір Қасеновтің әйелі Айгүл Қасенова сот шешім шығаруға өте аз уақыт жұмсады дейді. Сөзінше, судья кеңесу бөлмесінде небәрі бір минут ғана болған.

«Сот бұлтартпау шарасын ұзартудың нақты негіздерін тексерген жоқ, тек қосымша тергеу әрекеттерінің қажеттілігі туралы жалпы тіркестермен шектелді. Сонымен қатар, сот күдіктің негізділігіне баға бермей, құқық бұзушылық оқиғасының бар екендігіне және оның жасалу «ықтималдығына» ғана сілтеме жасады, бірақ тергеу алға тартқан сараптамалар сотқа ұсынылған жоқ. Шығын көлемін растайтын құжаттар сотта зерттелмеді...», – дейді ол.

Айгүл Қасенованың айтуынша, күйеуі үйқамақта ғана отырған жоқ, жұмыс істеу құқығынан да айырылып отыр.

«Үйқамақ Әмірді іс жүзінде еңбек ету құқығынан айырып отыр. Оған компьютер, байланыс құралдарын пайдалануға, отбасы мүшелері мен адвокаттан бөлек ешкіммен араласуға, жұмыс орнында қызмет етуге тыйым салынған. Журналист үшін бұл мамандықпен айналысуға іс жүзінде тыйым салу деген сөз. Біздің үш кішкентай баламыз бар. Тұрмыстық және ұйымдастыру мәселелерін реттеу үшін маған жұмыс уақытын қысқартуға тура келді. Бұл отбасының табысына тікелей әсер етуде», – дейді Айгүл Қасенова.

Контекст

Әмір Қасенов былтыр 23 желтоқсан күні кешке Астанада тергеу әрекеттеріне шақырылғаннан кейін ұсталған. Биыл қаңтарда журналисті үйқамақта ұстау мерзімі ұзартылған.

Астана полициясы Қасеновтің үстінен тергеудің жеке компанияның бизнес репутациясына зиян келтіретін жалған ақпаратты бірнеше рет таратуы туралы шағым негізінде жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

ҚазТАГ агенттігі былтыр өзінің You Tube арнасында және сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше видео мен мақала жариялаған. Агенттік іске қатысты барлық ақпараттардың дереккөзі «адвокат Светлана Оралбаева мен зардап шеккендер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Гайфулина болып табылады» деген.

Freedom Finance компаниясы осы іске қатысты БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарды дәлелсіз, бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, «ұйымдастырылған PR шабуыл» деп атаған.  Freedom Finance компаниясын Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) басқарады.

Бұған дейін ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновтың үстінен Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша 274-бап «жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтылған.

Ақпанның басында ҚазТАГ агенттігі Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темірлан Беков түсірген талап-арыз бойынша сотта жеңіске жеткенін хабарлаған.

Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темерлан Беков ҚазТАГ-та жарияланған «Freedom Finance-тің тағы бір топ-менеджері қылмыстық істің фигуранты атанды» деген материалды шындыққа жанаспайды деп тануды талап еткен. Ол бұл жарияланым өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтқан.

Беков соттан материалды өшіруді және моральдық зиянды өндіруді сұраған. Алайда сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартқан. Сонымен қатар, Бековтен ҚазТАГ өкілінің қызметіне кеткен шығын ретінде 20 мың теңге өндіруге  қаулы еткен.

Серіктес жаңалықтары