Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Істі Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сотта 2025 жылдың ақпан айында кәмелетке толмаған бала нәсілшіл «скинхедтер» қозғалысының көзқарастарын қолдай отырып, Telegram мессенджерінде «Skinheads industries-Semey» атты чат құрғаны анықталды. Топтың әкімшісі бола отырып, ол адамдарды ұлттық белгісі бойынша кемсітетін, атап айтқанда Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған.
Сонымен қатар, жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарастарын қолдауға және басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға шақырып, Семей қаласының аумағында экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасаған.
ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ
Мемлекеттік айыптаушы баланы 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмағанын, кінәсін мойындағанын және бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерген.
СОТ ҮКІМІ
ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 2-бөлігі 2-тармағының талаптарын ескере отырып, сот Б.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот ҚР ҚК-нің 81-бабының 6-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу жазасы екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалатынын назарға алды. Сот үкімі заңды күшіне енді.