Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі әлемдік нарыққа да әсер етті. Алтын бағасы өсіп, инвесторлар қауіпсіз активтерге бет бұра бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жұма күні таңертең халықаралық нарықтарда алтын құны қымбаттай түсті. Бұған Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуы мүмкін деген алаңдаушылық себеп болды. Геосаяси тұрақсыздық күшейген кезеңде инвесторлар қаржысын сақтап қалу үшін дәстүрлі түрде сенімді актив саналатын бағалы металдарға, әсіресе алтынға инвестиция салуға ұмтылады.
БАҒА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ
Сауда деректеріне сүйенсек, Қазақстан уақытымен сағат 11:12-де Нью-Йорктегі Comex биржасында сәуір айына арналған алтын фьючерстерінің бағасы алдыңғы жабылу көрсеткішінен 45,7 доллар жоғарылады. Нәтижесінде бір трой унциясының құны 5 124,4 долларға жетіп, шамамен 0,9% өсті.
Бұл уақытта күміс бағасы да көтерілді. Мамыр айына арналған күміс фьючерстері 2,26 пайыз өсіп, бір унциясы 84,035 доллар болды.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Мамандардың айтуынша, алтын бағасының өсуіне басты себеп – Таяу Шығыстағы қақтығыстың одан әрі ушығуы мүмкін деген қауіп. Геосаяси шиеленіс күшейген сайын инвесторлар капиталын қорғау үшін қауіпсіз активтерге көбірек жүгінеді. Осындай кезеңдерде алтын мен басқа да бағалы металдарға сұраныс артып, олардың нарықтағы құны көтеріледі.