Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен құзырлы мемлекеттік органдар Таяу Шығыс аймағындағы жағдайға байланысты эвакуация жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Эвакуация басталғаннан бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4700-ден астам қазақстандық елге оралған.
Азаматтар әуе рейстерімен қоса, жерүсті жолдары арқылы да шығарылып жатыр. 6 наурызда ҚР шетелдегі мекемелері "Заркух" компаниясының 7 қызметкерінің қатысуымен Иран-Армения шекарасынан 7 қазақстандықты елге қайтарды. Алдағы жоспар бойынша "Заркух" компаниясы тағы 16 азаматты осы бағытта эвакуациялауды ұйымдастыруды көздеп отыр.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінге дейін Ираннан жалпы 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.
– Өңірдегі Қазақстан дипломатиялық өкілдіктері эвакуация жұмыстары мен отандастарымызбен байланысуды тұрақты түрде үйлестіріп отыр, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.