Қазақстандық әншілер халықты референдумға шақырып ғана қоймай, «Жаңа Конституция» туралы ән шырқап тастады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
15 наурызда өтетін Конституция бойынша референдум қарсаңында танымал адамдар халықты дауыс беруге шақырып жатқан тұста бір топ әнші «Жаңа Конституцияны» қолдап ән шырқады.
«Халықтың ата заңы» деп аталатын әнді Роза Рымбаева, Маржан Арапбаева, Заттыбек Көпбосынұлы, Мадина Сәдуақасова, Әлішер Кәрімов, Еркеш Хасен және тағы да басқа әншілер айтқан.
«Referendum2026» деп аталатын You Tube арнаға жарияланған әнді кейбірі сынаса, енді бірі мақтап жатыр. Жарияланғанына 21 сағат өтсе де қаралымы аса көп деп айтуға келмейді.
“Ата заңнан хабары барма екен осы әншілердің? Құлдырап бара жатқанымыздан, халықтың құқығы шектеліп жатқанын сезеді ме екен? Әлде қожайын не айтса соны орындай ма екен? Өз ойлары, түйсіктері барма екен?”,– деп жазып жатқандар да бар.
«Халықтың ата заңы» туындысының сөзін Арман Манарбекұлы жазған. Әнін бір емес үш бірдей композитор Асқар Әбдиев, Арман Мұқашев, Ренат Гайсин жазған.
Контекст
Бұған дейін әлеуметтік желіде әнші Роза Рымбаева, актер Тұңғышбай Жаманқұловтан бастап, әншілер Өмірқұл Айниязов, Қайрат Нұртас, айтыскер ақындар Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов қостаған бір топ танымал өнер адамдары халықты референдумға шақырған.
Қазақстанда сайлау немесе референдум сияқты саяси науқан қарсаңында билік танымал адамдарды үгіт-насихат жұмыстарына жиі тартады. Саясаттанушылар мен азаматтық қоғам өкілдері бұны «Совет заманынан келе жатқан классикалық тәсіл» деп жиі сынайды.