АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа елдерін АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясына қосылуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Дональд Трамп егер Вашингтонның одақтастары Ормуз бұғазын ашуға көмектеспесе, онда НАТО-ны «өте күңгірт болашақ» күтіп тұрғанын айтты. Ол бұл туралы The Financial Times газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Басылымның жазуынша, Трамп осылайша іс жүзінде Еуропа елдерін АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясына қосылуға шақырған. Трамп одақтастардан жауап болмаса немесе олар бас тартса, бұл НАТО-ның болашағына кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.
Трамп сондай-ақ АҚШ-тың Еуропаға бұрыннан бері айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Вашингтон Украинаға көмек көрсетуге міндетті болмаса да, соған қарамастан қолдау білдірген.
Трамп Еуропа елдері АҚШ-қа миналарды залалсыздандыратын тральщик кемелерін жіберуі тиіс екенін айтқан. Оның айтуынша, мұндай кемелер Еуропа мемлекеттерінде АҚШ-пен салыстырғанда көбірек.
Сонымен қатар Трамп Еуропаның арнайы жасақтары немесе басқа да әскери күштері Парсы шығанағында Ирандрондары мен теңіз миналарынан төнген қауіп-қатерді жоюға көмектесуі керек деп мәлімдеді.
Бұдан бөлек Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуді де кейінге қалдыруы немесе мүлде тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен. Оның айтуынша, егер Қытай Вашингтонға қолдау көрсетпесе, бұл кездесу өткізілмеуі ықтимал.