Саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық статистика бюросының халық табысының айырмашылығына қатысты деректерін талдап, отбасы құрамы мен кедейлік арасындағы байланысты атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өткен жылдың төртінші тоқсанындағы дерекке сәйкес, кедей санатына кіретіндердің жалпы саны 988 169 адам болған. Соның 85,33 пайызы немесе 843 201-і бес және одан да көп адамнан тұратын отбасыларға тиесілі. Отбасы мүшелерінің саны көбейген сайын мұқтаждар қатарына ену қаупі де айтарлықтай өседі: бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасында кедейлердің үлесі бір адамнан тұратын отбасылармен салыстырғанда 76 есе жоғары — 9,12 пайызға қарсы 0,12 пайыз. Шибұтовтың айтуынша, отбасы құрамының 4 адамнан 5 адамға өтуі кедейлікке ұрыну ықтималдығында өзіндік бір шекті кезең секілді көрінеді.
СТАТИСТИКА
Бір адамнан тұратын отбасылар — 1 393 адам немесе кедейлердің 0,14 пайызы.
Екі адамнан тұратын отбасылар — 18 982 адам немесе кедейлердің 1,92 пайызы.
Үш адамнан тұратын отбасылар — 29 492 адам немесе кедейлердің 2,98 пайызы.
Төрт адамнан тұратын отбасылар — 95 101 адам немесе кедейлердің 9,62 пайызы.
Бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар — 843 201 адам немесе кедейлердің 85,33 пайызы.
ТАБЫС
Децильдік топтарға жасалған талдау халықтың ең кедей 10 пайызының табысы ең бай 10 пайыздың табысынан 5,9 есе аз екенін көрсеткен. Атап айтқанда, ең кедей 10 пайыздың жан басына шаққандағы орташа табысы 46 588 теңге болса, ең бай 10 пайызда бұл көрсеткіш 278 676 теңгеге жеткен. Соған қарамастан, Шибұтов бұл арақатынасты әлемдік өлшеммен жаман көрсеткіш деп санамайды.
– Әлемдік өлшеммен қарасақ, бұл — жаман емес арақатынас, яғни Еуропа елдерінің деңгейіне жақын. Бұрын бізде бұл айырма 8,5 есеге дейін жеткен. Ал ең нашар көрсеткіш Африка елдерінде, ол жақта табыс айырмасы 100 еседен де асады, – деді ол.