×
482.33
557.57
5.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.33
557.57
5.74

NYT: Израиль Ирандағы көтеріліске сеніп, АҚШ-ты соғысқа көндірген

Бүгін, 18:03
NYT: Израиль Ирандағы көтеріліске сеніп, АҚШ-ты соғысқа көндірген
Коллаж: РБК-Украина

Израиль АҚШ-ты Иран халқы жаппай көтеріліске шығады деген жоспарға сүйеніп, Тегеранға қарсы соғыс ашуға көндірген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

The New York Times газетінің жазуынша, Иранға қарсы соғыс бастамас бұрын «Моссад» директоры Давид Барнеа Изриаль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға жоспарын көрсеткен. Онда соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн өткенде Израиль барлау қызметі Иран оппозициясын көтеріліске жұмылдыратыны туралы айтылған.

Бұл жоспарды Нетаньяху қаңтардың ортасында Вашингтонға барған кезінде АҚШ тарапына да ұсынған.

Биньямин Нетаньяху да, Дональд Трамп та Иранның билік басшыларының көзін жойғаннан кейін халық жаппай наразылыққа шығып, соғыс тез аяқталады деген ұстанымда болған. Бірақ АҚШ әскерилері егер АҚШ пен Израиль соққы жасайтын болса, Иран халқы көтеріліске шықпайтынын айтып, Трампты ескерткен.

The New York Times жазуынша, әскери операцияның басты қателігі де дәл осы жоспар болған.

Контекст

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді 37 жыл үздіксіз билеген аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Осыдан кейін Тегеран қарымта ретінде Ормуз бұғазын жауып, Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базаларын, одақтастары мен Израильді атқылаған.

Ұзақ жылдан бері санкция астында отырған 90 миллион халқы бар Иранда былтыр желтоқсанда Тегерандағы «Үлкен базар» деп аталатын сауда орталықтарының бірінен басталған наразылық қаңтардың ортасына дейін жалғасып, билік оны күшпен басқан. Көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып, көшеге шыққан. Кейіннен оларға студенттер мен өзге де адамдар қосылды. Наразылыққа Тегераннан өзге Исфахан, Мешхед және өзге де қалалар қосылды. Көшеге шыққан халық елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына билікті кінәлаған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ наразылық кезінде 30 мыңға жуық адамның қаза тапқанын жазған. Иран билігі де қаза тапқандардың мыңдап саналатынын жоққа шығармаған.

Серіктес жаңалықтары