Ақтөбеде жүкті әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі апатқа түсіп, аударылып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Жол апаты қаладағы «Дина» гипермаркеті маңында болған. Жедел жәрдем көлігі «Toyota» автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жедел жәрдем көлігі аударылып қалған.
Диапазон сайтының жазуынша, апат болған уақытта жедел жәрдем ішінде аяғы ауыр әйел болған. Ол соққы салдарынан жабық бас-ми жарақатын алған. Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Медицина қызметкерлері де жарақат алған. Қазір олар дәрігерлер бақылауында.
Контекст
21 наурыз түнде Алматыда Zeekr автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамдық резонанс тудырып, желі қолданушылары кінәлі адамды жазалауды талап еткен. Әлеуметтік желіде қалада түнгі уақытта заңсыз көлік жарыстары өтетіні туралы ақпараттар тараған.