Алматыда адам өліміне әкелген жол апатынан кейін әл-Фараби даңғылындағы түнгі жарыстар туралы жаңа ақпарат тарады. Депутат Мұрат Әбенов "жарысқа қатысқандардың" арасында полиция қызметкері болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Әл-Фарабидегі үш адамның өліміне себеп болған жарысқа қатысқандардың бірі полицей болған деген күдік бар. Сондықтан бұл жағдай жасырылып отыр. Ішкі істер министрлігі түсініктеме беруі керек, – деп жазды Әбенов Facebook-та.
ЖОЛ АПАТЫ ТУРАЛЫ
Айтылған деректерге қарағанда, сол түні жарысқа бес көлік қатысқан. Олардың ішінде полицияға тиесілі қызметтік көлік болуы мүмкін. Сондай-ақ бір күннің ішінде қатысушыларға жылдамдықты асырғаны үшін бір миллион теңгеге дейін айыппұл салынғаны айтылып жатыр. Кейбір көліктерде жалған нөмірлер болған болуы мүмкін.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан үш адам қаза тапқан еді. Осыдан кейін қалада жолдағы бақылау күшейтіліп, түнгі жарыстар мен қауіпті жүргізу жағдайлары жиі анықтала бастады.