Қазақстан интеллектуал державаға айналуы керек. Бұл туралы қазақстандық кәсіпкер, халықаралық венчурлық инвестор, Fincraft Resources директорлар кеңесінің төрағасы Кенес Рақышев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның сөзінше, қазақ халқы — жай ғана ұлт емес, терең тарихы бар ұлы өркениет.
— Сол өркениет аясында біз талай қырымызбен танылып, сан түрлі ғылым мен білімді игердік. Соның ішінде бүгін ерекше атап өткім келетіні — тактика құру және есептеу қабілеті, — деді ол.
Кенес Рақышев қазақтың әскери ойлау мәдениеті ежелден жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Оның айтуынша, батырларымыз ұрыс даласында тек күшпен емес, ақыл-ойымен жеңіске жеткен.
– Соның айқын дәлелі — Орбұлақ шайқасында небәрі 600 сарбазбен 25 000 әскерге қарсы тұрып, стратегиялық шешім қабылдаған Сұлтан Жәңгірдің даналығы. Сол сияқты Бауыржан Момышұлының әлем мойындаған "спираль тактикасы" — қазақтың әскери ойлау мәдениетінің биік үлгісі, – деді ол.
Бүгінде мұндай ойлау қабілеті басқа алаңда — шахматта көрініс тауып отырғанын айтты.
– Бүгінде заман тыныш. Бірақ сондай батырлар әлі де бар. Тек олардың айқасы енді ұрыс даласында емес, шахмат тақтасында өтіп жатыр, – деді инвестор.
Ол шахматты жай ойын емес, ұлттың ойлау жүйесін қалыптастыратын құрал ретінде бағалайды.
– Күшті мемлекет табиғи ресурстардан емес, дұрыс ойлай алатын адамдардан басталады. Ал шахмат — дәл сондай қабілетті дамытатын құрал, – деді Кеңес Рақышев.
Сонымен қатар, ол 2017-2023 жылдары Алматы шахмат федерациясын басқарғанын еске салды. Осы кезеңде Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуға басымдық берілген.
– Біздің мақсат — сырттан бақылаушы болуды тоқтатып, әлемдік тақтадағы ойыншыға айналу болды. Сол үшін федерацияны күшейттік, халықаралық турнирлерді елге әкелдік, жас таланттарды қолдадық, – деді ол.
Оның айтуынша, басты мақсат — тек жекелеген жеңістер емес, ұзақмерзімді интеллектуал қоғам қалыптастыру.
– Менің ұстанымым анық: Қазақстан интеллектуалды державаға айналуға тиіс. Ал шахмат – осы жолдағы негізгі құралдардың бірі. Біздің мақсат – тек медаль алу емес, бірнеше қадам алға ойлайтын ұлт қалыптастыру, – деп түйіндеді ол.
КЕҢЕС РАҚЫШЕВ
Айта кетейік, Кеңес Рақышев Forbes журналының 2025 жылғы дерегі бойынша, Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 435 миллион доллар капиталымен 23-орында тұр.