×
482.53
555.44
5.92
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.53
555.44
5.92

Қазақстандық ғалым Британия парламентінде ғылыми жобасын таныстырды

Қазақстандық ғалым Британия парламентінде ғылыми жобасын таныстырды
Әсемгүл Қожабек. Фото жеке архивінен

Лондонда өткен STEM for BRITAIN конкурсы аясында қазақстандық ғалым Әсемгүл Қожабек Британия парламенті депутаттарының алдында ғылыми жобасын қорғады. Ол ұсынған зерттеу көлік кептелісінің таралуын модельдеуге арналған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бұл зерттеу жол кептелісін толық жояды дегенді білдірмейді. Бірақ ол көлік қозғалысын жоспарлайтын мамандар үшін маңызды құрал бола алады», — дейді Әсемгүл. 

Оның сөзінше, транспорттық жоспарлаушылар қандай да бір шешім қабылдар алдында немесе жаңа өзгерістер енгізер кезде осы модельге сүйене алады. Бұл — дұрыс әрі негізделген шешім қабылдауға көмектесетін жүйе.

Ғалымның сөзінше, басқа ұқсас модельдермен салыстырғанда, бұл жүйе кептелістің таралуын нақтырақ көрсетеді.  

«Зерттеу нәтижелері ғылыми мақала немесе көрме аясында ұсынылмас бұрын міндетті түрде бірнеше кезеңдік тестілеуден өтеді. Біздің модель басқа модельдерге қарағанда  жоғары дәлдік көрсетіп, сонымен қатар нақты көлік қозғалысы деректерімен (real traffic data) салыстыру арқылы да тексерілді», - дейді Әсемгүл Қожабек.  

Басты қиындық – деректерге қолжетімділік

Оның айтуынша, ғылыми зерттеудің ең күрделі тұстарының бірі — деректерге қол жеткізу. 

«Зерттеу барысында көлік қозғалысы туралы деректер негізінен қала көшелерінде орнатылған трафик детекторлардан жиналады. Қазақстандағы «Сергек» жүйесіне ұқсас мұндай құрылғылар Ұлыбританияда да бар. Алайда бұл деректерге қол жеткізу әрдайым оңай бола бермейді», - дейді ғалым. 

Сондықтан оның зерттеуінде ашық деректер платформалары (open source data) қолданылды. Осылайша, Әсемгүл өз моделін АҚШ-тағы Лос-Анджелес пен Калифорния аймағының деректері негізінде құрастырған.

«Модельдің басты артықшылығы — оның әмбебаптығында: оны кез келген қаланың деректері негізінде бейімдеуге болады. Дегенмен, негізгі мәселе — сол деректерге қолжетімділік. Көп жағдайда мұндай мәліметтер жергілікті әкімдіктерде болғанымен, үшінші тарапқа ашық болмауы мүмкін», - деді ол.

Лондонның көлік қозғалысын реттейтін ұйымдағы әріптестерімен

Магистратурада қалыптасқан қызығушылық

Алматы облысы тумасы Әсемгүлдің көлік қозғалысын зерттеуге деген қызығушылығы магистратура кезінде қалыптасты. Ол University of Warwick университетінде білім алып жүргенде, магистрлік жобасы аясында қаладағы көлік қозғалысын зерттеуге назар аудара бастады.

«Мен «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандықтан, зерттеу тақырыбын елге пайдалы бағытта таңдауға тырыстым. Алғашқы зерттеуім аясында Лондон Олимпиадасы кезінде жол қозғалысын ұйымдастырумен айналысқан мамандардан сұхбат алуға мүмкіндік туды. Бұл тәжірибе жұмысыма айтарлықтай негіз болды», - дейді жас ғалым. 

Нәтижесінде магистрлік жоба жоғары бағаланып, ғылыми бағытын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Кейін осы зерттеу желісі бойынша жұмысын жалғастырып, ғылыми жолын  дамытуға кірісті.

Осылайша Әсемгүл Bournemouth University-де Computer Science бағыты бойынша докторлық дәрежесін қорғады. Бұл жолы ол көлік қозғалысын ұйымдастыру тұрғысынан емес, есептеу және модельдеу тұрғысынан зерттеген.

PhD зерттеуі Bournemouth University мен қала әкімшілігінің қолдауымен жүргізілді.

Жас зерттеушілердің Oscar-ы

STEM for BRITAIN конкурсының басты мақсаты — ғылым мен шешім қабылдаушы органдар арасындағы байланысты нығайту.

STEM for BRITAIN Ұлыбританияда жас ғалымдар арасындағы ең беделді жобалардың бірі саналады. Көпшілік оны «жас зерттеушілердің Oscar-ы» деп атайды.

Әр университет бірнеше жобаны ұсынады, іріктеуден өткен жұмыстар сарапшылардың бағалауынан өтеді. Соңында финалистер Лондондағы парламентке (House of Commons) шақырылып, өз зерттеулерін депутаттарға таныстыру мүмкіндігіне ие болады.

«Менімен бірге финалистер арасында Оксфорд университетінің постдокторанты, Кембридж  университетінің ассистент-профессорлері қатысауға мүмкіндік алды . Олардың зерттеу бағыттары өзгеше болса, менің жұмысым көлік қозғалысы тақырыбына арналды», - дейді Әсемгүл Қожабек. 

PhD зерттеуі – бірлескен ғылыми күш

Ғылыми жұмыс жеке емес, зерттеу тобы аясында жүзеге асырылған. 

«Бұл бірлескен ғылыми еңбектің нәтижесі. Мен бірінші автор ретінде танылғаныммен, жобада Bournemouth University университетінің оқытушысы доктор Вейкун Чай (Waikun Chai) және University of Cambridge университетінің оқытушысы доктор Ге Чжен (Ge Zheng) бірге жұмыс істеді. Бірінші автор ретінде зерттеуді таныстыру мүмкіндігі маған берілді», — деді ол. 

Солдан оңға: жолдасы Асқар, әріптесі Dr. Emili , Әсемгүл Қожабек пен ғылыми жетекшісі Dr. Wei Koong Chai

Жоба мемлекеттік деңгейде бағаланды

Алдымен, зерттеу нәтижесін Bournemouth әкімдігіне таныстырып, кейін Дорчестер қалашығынан шақырту алған. 

Сонымен қатар, шара барысында Әсемгүл өз жобасын тек британ депутаттарына ғана емес, Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдеріне де таныстырды.

Олар зерттеу нәтижелерімен танысып, ғылыми деректердің мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауда маңызды рөл атқаратынын атап өткен.

Академиялық дамуға басымдық берген ғалым

Әсемгүл ғылыми зерттеулерін университет қабырғасында жалғастырып, коммерциялық бағыттан гөрі академиялық дамуға басымдық береді. 2019 жылдан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан ол бүгінде Heriot-Watt University университетінде постдокторант ретінде жұмыс істейді.

Сонымен қатар,  2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның SDU университетінде Assistant Professor ретінде қашықтықтан дәріс беріп келеді.
 

Серіктес жаңалықтары