13 наурыз күні Қызылордада Тәуелсіздік пен Алисова көшелерінің қиылысында жол апатынан адам қаза тапты. 45 жастағы алматылық, алты баланың әкесі (оның екеуін асырап алған) Алмас Айыпов опат болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Туыстарының айтуынша, соққының қатты болғаны соншалық, оның ВАЗ-2104 көлігі шамамен 70 метрге дейін ұшып кеткен. Ер адам тіл тартпай кеткен. Екінші көлік – Lexus 460. Оны 23 жастағы Әліби Боранбаев тізгіндеген.
– Ол өте жоғары жылдамдықпен жүрген, қала ішінде рұқсат етілген 60 шақ/сағ жылдамдықтан әлдеқайда асып кеткен. Жылдамдығы шамамен 200 шағ/сағ болуы мүмкін, – дейді туыстары.

Марқұмның жақындарының айтуынша, Lexus жүргізушісі жол апатынан кейін оқиға орнынан кетіп қалып, кейін оралған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Сондай-ақ Айыповтың көлігіндегі бейнетіркегішке қатысты жағдай да түсініксіз. Марқұмның туыстарының сөзінше, жазба бар, бірақ файл ашылмайды.
– Бұл деректердің өшірілуі немесе жасырылуы мүмкін деген күдік бар. Істі ашық, объективті және әділ тергеуді сұраймыз, — делінген Айыповтың отбасының үндеуінде.
Lexus жүргізушісі, апатқа кінәлі тұлға қазіргі уақытта бостандықта жүр.