Қазақстанда ақпарат тұтыну үрдісі өзгеріп жатыр: қазақ тілінің рөлі артып, әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзіне айналған. Бұл туралы DEMOSCOPE зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҮЛЕСІ АРТТЫ
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 76,5 пайызы ақпаратты қазақ тілінде алады. Оның ішінде 45,4 пайызы үшін қазақ тілі – негізгі ақпарат көзі.
Ал орыс тілі бұрынғыдай кең қолданылғанымен, үлесі төмендеген. Қазір респонденттердің тек 21,1 пайызы ақпаратты негізінен осы тілде тұтынады.
АҚПАРАТТЫ ҚАЙДАН АЛАМЫЗ
Зерттеу бойынша, қатысушылардың 55,9 пайызы жаңалықты әлеуметтік желілер арқылы біледі. Одан кейін интернет-сайттар (30,6%) мен теледидар (30,2%) келеді.
Ең көп қолданылатын платформалар қатарында Instagram, TikTok және WhatsApp бар.
СЕНІМ ДЕҢГЕЙІ
Сонымен қатар, ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Көпшілік блогерлерге, пабликтерге және шетелдік БАҚ-қа күмәнмен қарайды.
Респонденттердің 65 пайызы ақпаратты бөліспес бұрын тексеретінін айтқан. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі жалған ақпаратты ажырату қиын екенін мойындаған.