×
478.77
548.62
5.87
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.77
548.62
5.87

Қамаудағы «Атажұрт» белсенділерінің туыстары араша сұрады

Қамаудағы «Атажұрт» белсенділерінің туыстары араша сұрады
ulysmedia.kz

Қытайға қарсы бейбіт наразылыққа шығып, «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен істі болып жатқан «Атажұрт» белсенділерінің туыстары мен жақтастары соттың баяу жүріп жатқанына шағымданып, құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрады. Олар алты айға жуық уақыттан бері қамауда отырған 19 адамды босатуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.

«ОТБАСЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫЛАРЫ»

Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының мүшесі Дина Нұрдыбайдың сөзінше, белсенділердің істі болып, қамауға алынуы олардың отбасыларына ауыр тиген. Сөзінше, барлығы дерлік отбасының жалғыз асыраушысы.

«Бейсенәлі Ақжігіт деген кісі ұсталып отыр. Ол кісінің бес баласы бар. Бір баласы мүгедектігімен тіркеуде тұр, денсаулығы жоқ. Барлық отбасыларда қиындық болып жатыр. Марғұлан Нұрданғазының ауырады, босанайын деп жатыр. 23 жастағы жап-жас әйелдің жүрегінен ақау шығып, бүгін келу керек еді, келе алмай қалды. Барлығы отбасыларының жалғыз асыраушылары. Барлығы қиналып жатыр. Беделхан Қабіләшімнің жеті баласы бар. Әйелі сегізіншісіне аяғы ауыр», – дейді ол.

Дина Нұрдыбай белсенділерді «отбасылық жағдайына қарап, шартсыз түрде болатуы керек» екенін айтты.

Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның әйелі Нұргүл Ибраева күйеуін тезірек босатуын талап етіп, құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрады.

«Мен барлық жерлерге барып, күресімді тоқтатпаймын. Қазақ билігі бостандыққа шығарады деп үміттенемін. Барлық құқық қорғау органдарынан, ұйымдарынан Бекзат Мақсұтханұлын бостандыққа шығаруын сұраймын, талап етемін», – деді Нұргүл Ибраев.

«ҚЫТАЙДА АЗАПТАЛЫП ЕДІ…»

Баспасөз мәслихатына келгендер белсенділердің денсаулығына алаңдап отырғанын айтты. Белсенді Тұрсынбек Қабидің әйелі Оралхан Әбен күйеуім азаматтық позициясын білдіргені үшін қамауға алынды дейді.

«Күйеуім 2017 жылы Қытайға барғанда құжаттарын тартып алып, екі жылға жуық уақыт жібермей, түрмеге қамаған, азаптаған, ұрған. Екі құлағының пердесін жыртқан. Екі аяғынан баса алмаған. Бір квадраттық қапасқа қамаған. Денсаулығының барлығын құртқан. Енді міне қазақ еліне келіп, қазақ билігі қамап отыр. Мен күйеуімнің денсаулығына қатты алаңдаймын», – деді ол.

Оралхан Әбен сөзінше, күйеуін аяғына ота жасатамыз деп жүргенде қамауға алған.

КОНТЕКСТ

Былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында «Атажұрт» ұйымының белсенділері наразылық акциясын өткізген. Олар  Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шығып, Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып,  «түзету лагеріне»қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен еді.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен.

Оқиғадан кейін полиция «Атажұрттың» 19 белсендісін ұстап, әуелі «Бұзақылық» бабымен әкімшілік жауапқа тартып, кейін «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен қылмыстық іс қозғаған.

Қазір белсенділердің 13-і тергеу изоляторында, тағы алтауы үйқамақта отыр. Сот биыл қаңтарда басталған. Істі Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі соты қарап жатыр. Процесс сотталушылардың бірінің “өтініші” бойынша жабық өтіп жатыр. 

Әлімнұр Тұрғанбай туралы Ulysmedia бірнеше рет жазған.

Туыстары Қытай полициясы ұстаған Әлімнұр Тұрғанбайға араша сұрап, бірнеше мәрте Астанаға арыз-өтініш жолдаған.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп қайтарған жауабында, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де «заңсыз» екені айтылған.

Серіктес жаңалықтары