Елімізде телеарналар мен радиолардың авторларға төлейтін қаламақысы 30 жыл бұрынғы мөлшерден көтерілмеген. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне «Қазақстан авторлары қоғамының» басшысы Байғали Есенәлиев мәлімдеді.
«АЙТУҒА АУЫЗ БАРМАЙДЫ»
Есенәлиевтің айтуынша, Қазақстан авторлар қоғамынан(ҚазАҚ) болмашы тиын-тебен аламыз деп шағымданып жүрген ақындар мен композиторлардың шағымы орынды. Өйткені заман өзгеріп, қанша рет инфляция болса да, мемлекеттік ақпарат құралдарының авторларға төлейтін қаламақысының көлемі 30 жыл бойы өзгермеген.
«Егемендік алған жылы бекітілген мөлшер сол күйі қалып қойған. Мысалы, Қазақ радиосында бір рет орындалған ән үшін авторға екі шумақ үшін – 20 теңге, үш шумақ үшін – 30 теңге төленеді. Ол ән айына бір-екі рет орындалды делік. 20-30 теңгеден жылына қанша қаламақы жиналуы мүмкін? Теңгенің құны бар кезде бәлкім өнер иелері үшін қомақты қаржы болған шығар. Ал қазір оның көлемін айтуға ауыз бармайды», – дейді төраға.

«ЗАҢ ӨЗГЕРМЕЙІНШЕ, АВТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛМАЙДЫ»
ҚазАҚ бұл мәселені құзырлы органдарға талай рет жеткізген. Алайда нәтиже болмапты.
«Шынын айту кереу, проблеманы билікке көп болып жеткізейік, келіңіздер, қол қойып беріңіздер деп шақырсақ, мүйізі қарағайдай авторларымыздың өзі қозғалғысы келмейді. Ал отырып алып, бізге қаламақы төлемейді деп сыртымыздан шағымдануға келгенде алдарына жан салмайды», – дейді Байғали Есенәлиев.
Композитор Бауыржан Есебаевтың пікірінше, Қазақстанда заңды өзгертпейінше, авторлардың құқығы тиісті деңгейде қорғалмайды.
«Авторлар қоғамы туралы заңдар мен талаптар өзгермейінше, мемлекет тарапынан авторларға тиесілі тарифтер өспейінше ҚазАҚ ешкімді қорғай алмайды», – дейді сазгер.