Футболдан әлем чемпионаты қарсаңында LEGO компаниясы жарнамалық видео жариялап, онда әлем футболының төрт жұлдызы – Лионель Месси, Криштиану Роналду, Килиан Мбаппе және Винисиус Жуниордың басын қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВИРУСТЫҚ ТАРАЛЫМ
Футбол аудиториясына бұл ролик бірден әсер етті. Месси мен Роналдуды бір жарнамалық кеңістікте қатар көру – сирек құбылыс. Ал олардың қасында жаңа буынның жарқын өкілдері – Мбаппе мен Винисиустың болуы әлем қызығушылығын тіпті арттырды. Сондықтан Әлем чемпионатына арналған бұл жарнама әлеуметтік желілерде тез тарап, желідегі ең көп көрілген видеолардың біріне айналды: 20 сағатта көрілім саны 158 миллионнан асып жығылған.
LEGO форматының өзі вирустық таралымға өте қолайлы. Ол әмбебап, визуалды түрде қарапайым, қысқа видеоларға оңай бөлінеді және TikTok пен X желілерінде қайта жариялауға өте ыңғайлы.
ЖАН-ЖАҚТЫ ОЙЛАСТЫРЫЛҒАН МЕДИАӨНІМ
OneFootball порталының жазуынша, мәселе тек жұлдыздардың аты-жөнінде емес. Видеоның сапасы мен мазмұны да ерекше. Аниматор әр ойыншының қимыл-қозғалысы мен ишарасын дәл бейнелеген. Жанкүйерлер ойыншықтардан сүйікті футболшыларын жазбай таниды.
Бейнероликте жұлдызды төрттік LEGO текшелерінен әлем кубогын құрастырған. Әр футболшы кубоктың төбесіне өз мүсіншесін орнатуға тырысады.
Маркетологтардың сөзінше, LEGO жарнамасы – кездейсоқ брендтік интеграция емес, жан-жақты ойластырылған медиаөнім. Авторлар шынайы өмірде сирек кездесетін «алыптардың бір сахнада тоғысуы» әлем назарын жаулайтынына күмән келтірмеген. Әсіресе, екі дәуірдің тоғысуы ерекше ықпал береді. Бір жағында – тұтас бір футбол дәуірінің жұлдыздары Месси мен Роналду. Екінші жағында – жаңа көшбасшылар ретінде қарастырылып жүрген Мбаппе мен Винисиус. Осылайша ролик орта буынды да, жастарды да қызықтыра алды.
ӘЧ – СПОРТ ОҚИҒАСЫ ҒАНА ЕМЕС
Футбол әлдеқашан тек матчтар арқылы ғана емес, эмоция, образ және танымал символдар арқылы да «сатылатын» өнімге айналды. Бұл жарнама Әлем чемпионатын насихаттау науқаны барынша кең бағытта жүріп жатқанын көрсетеді. Ұйымдастырушылар доданы ірі спорттық оқиға ғана емес, жаһандық ойын-сауық өніміне айналдыруды көздеп отыр.
LEGO бейнеролигіне жазылған пікірлерден спортсүйер қауымның ерекше әсерленгенін аңғаруға болады. «Әлемдегі ең қымбат жарнама», «не деген коллаборация», «төртеуіне қанша төледі екен?», «тарихтағы ең үздік жарнама» деп желі қолданушылары таңданыстарын жасыра алмай жатыр.
Жуық арада LEGO компаниясы осы төрт ойыншыға арналған эксклюзивті жинақтарын сатылымға шығармақ.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канада стадиондарында өтеді.