×
470.46
543.1
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.46
543.1
5.86

Алматыда болған ірі жол апаты: Президент тапсырмасынан кейін іс қайта қаралып жатыр

Алматыда болған ірі жол апаты: Президент тапсырмасынан кейін іс қайта қаралып жатыр
Фото: Ақорда

Ішкі істер министрлігі Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу ісі Тоқаевтың тікелей бақылауына алынғанын мәлімдеді. Президент істің әділ әрі жан-жақты қаралуын қамтамасыз етуді тапсырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАРЛЫҚ МӘЛІМЕТ ТЕКСЕРІЛІП ЖАТЫР

Осы тапсырмадан кейін ведомство аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу жұмыстарын күшейтіп, барлық мән-жайды мұқият тексеруге кіріскен. ІІМ мәліметінше, бұл мәселе 2026 жылғы 30 наурызда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтерілген.

Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәлімет тексерілуде, – делінген ІІМ таратқан ақпаратта.

КІМДЕР ҚЫЗМЕТТЕРІМЕН ҚОШ АЙТЫСТЫ?

Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы — Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілген. Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылған.

Қазір қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда. Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды, – делінген ІІМ хабарламасында.

МИНИСТР ЕРЖАН СӘДЕНОВ НЕ ДЕЙДІ?

Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.

Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды, — деп жазды ІІМ басшысы Ержан Сәденов.

ӘЛ-ФАРАБИ ДАҢҒЫЛЫНДАҒЫ ЖОЛ АПАТЫ

Еске салайық, 21 наурызға Алматының әл-Фараби даңғылында жантүршіктірер жол апаты болды. 009JET мемлекеттік нөмірі бар Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, бетпе-бет келе жатқан Mercedes-пен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш адам – 29 жастағы жүргізуші және екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Қыздардың бірі 22 жаста, екіншісі 20 жаста болған.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде, ел парламенті қабырғасында да қызу талқыланды. Марқұмдардың жақындары Zeekr жүргізушісін заңға сәйкес жазалауды, әділ және ашық сотты талап етуде.

Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, Zeekr көлігінің жүргізушісі – 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Оның атына екі компания тіркелген: «ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер» ЖШС. Пак екі ұйымның да құрылтайшысы ретінде көрсетілген.

«ГУ ХОЗУ Алматы» компаниясы 2025 жылы құрылған және бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге салық төлеген. Ал «Глобал Партнер» ЖШС-нің қаржы айналымы әлдеқайда жоғары – 2024 жылдың күзінен бері бюджетке 50 миллион теңгеден астам қаражат аударған.

Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr  басқа көлікпен жарысқан болуы мүмкін. Бұл жайт іс бойынша маңызды мән-жай ретінде қарастырылуы тиіс.

Полиция аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Серіктес жаңалықтары