×
470.46
543.1
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.46
543.1
5.86

«110 млн теңге қайда кетті?»: Авиажөндеу зауытының абақтыдағы экс-президенті тағы сотталды

Бүгін, 11:10
«110 млн теңге қайда кетті?»: Авиажөндеу зауытының абақтыдағы экс-президенті тағы сотталды
Фото: автордан

Ақтөбеде авиация жөндеу №406 ГА зауытының бұрынғы президенті Геннадий Мезенцев тағы сотталды. Ол зауыт мүлкін әйелінің бизнесі арқылы талан-тараж еткені үшін  7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ШЕШІМІ

Ақтөбедегі №2 қалалық соты Г. Мезенцевті ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы “Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-тараж ету” бойынша кінәлі деп таныды. 

Мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілік атқаратын лауазымды атқару құқығынан 6 жылға айырылсын. 2024 жылғы сот үкімін қоса есептеп, түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын,- деді судья Нұрлан Бақтығалиев. 

Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Мезенцевтен Авиажөндеу зауытына материалдық шығын ретінде 83,5 млн теңге өндіріледі. Мемлекет пайдасына 2,5 млн теңге сот шығынын төлеуі тиіс. 

Іс материалдарына сүйенсек, Мезенцев басқарған 2017-2021 жылдары зауытқа 110 млн теңгеден астам шығын келген. Қосалқы бөлшектер қағаз жүзінде есептен шығарылып, нақтысында талан-таражға түскен.

 Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспеді. 

МЕЗЕНЦЕВ СХЕМАСЫ

Сотталушы Геннадий Мезенцев 56 жаста. Білімі – орта арнаулы. Ақтөбе қаласында тұрады. 2017 -2021 жылдары Геннадий Мезенцев  авиажөндеу зауытының президенті қызметін атқарған. Ол қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін АН-ұшағына, МИ-2 тікұшағына қажетті қосалқы бөлшек, ГТД-350, АШ62ИР қозғалтқыштарына тапсырыс беріп, қолданыстан шығарған. 

Айыптау актісінде Геннадий Мезенцев табыс табу мақсатында “Батий Н.Р” ЖК ұшу аппаратын жөндеу келісімшартын жасайды. “Батий Н.Р” ЖК-нің басшысы оның азаматтық әйелі Батий Н.Р. Ал “Авиасервис Актобе” ЖШС басшысы О. Цитцер оның жақын танысы екені айтылды. 

Экс-президент Геннадий Мезенцев бір жылдан бері абақтыда отыр. Ол 2024 жылдың 19 маусымында осы бап бойынша сотталды. 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.  Ол кездегі тергеу 2018-2020 жылдардағы талан-тараж болған мүліктерді анықтаған еді. Шығын - 5 194 550 теңге болды.  Қазіргі уақытта 2018-2021 жылдардағы, яғни Мезенцев басшылық еткен барлық уақыттағы зауыт мүлкі түгенделді

ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСКЕН ТАРИХИ ЗАУЫТ

Ақтөбедегі авиация жөндеу №406 ГА зауыты 1939 жылы құрылған. Онда АН-2 ұшағы мен МИ-2 тікұшағына күрделі жөндеу, техникалық қызмет көрсету жұмыстарын атқарады. Қазақстанда, ТМД мен алыс шетелде танылған. 86 жылдық тарихы бар авиа жөндеу зауыты 20 жыл бұрын жекеге өтіп кеткен. 2002 жылға дейін мемлекет меншігінде болған.

Серіктес жаңалықтары