Ақтөбеде іздеуде болған күдіктілерге қатысты аса ауыр айып жеңіл бапқа ауысты. Себебі күдіктілер куәгер болып шықты. Ал сот залында ниқаб киген әйелдер назар аудартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбедегі атыс ісі бойынша 1 жыл іздеуде болған күдіктілерге үкім шықты. Үкім Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды. Екі күдікті алғашында “адам өлтіру” бабымен айыпталды. Кейін іс ҚК-нің 434-бабымен “қылмысты хабарламау” бойынша қайта сараланып, жеңіл бапқа ауыстырылды.
Сот залында тағы бір жайт назар аудартты. Сотталушылардың әйелдері ниқабпен келді.
Оларды сол беттерін бүркеген күйі сот ғимаратына кіргізді. Ниқабпен отырып, сотталушының заңды өкілі болуға рұқсат етілді. Ескерту жасалмады.
Айта кетейік, Қазақстанда паранжа, ниқаб, бет-жүзді көрсетпейтін киім киюге тыйым салынған. 2025 жылдың 30 маусымында Президент бетті тұмшалап тұратын киімге тыйым салу туралы заңға қол қойды. Кейін заң күшіне енді.
Қанды оқиға қашан болды?
Адам өлімімен аяқталған жастар арасындағы төбелес 2024 жылғы 28 мамырында болған. Жастар Ақтөбе қаласы мал базарының автотұрағында кездескен. Сол жерде бұрын сотталғандардың бірі жәбірленушілерге үш рет оқ атып, адамдарды көлікпен қаққан. Салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім оқ жарақатынан ауыр халде көз жұмды. 8 адам жарақат алды.
Былтыр 18 жастағы бозбаланың өліміне кінәлі 10 адамға үкім шықты. Олар 11-23 жыл аралығында бас бостандығынан айрылды. Ал оқиға орнында болған сотталушылар Қ мен С аса ауыр қылмыс жасалғанын біле тұра хабар бермеген. Оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін 1 жыл іздеуде болды.
Жаза жеңілдеді
Прокурор сотталушыларға тағылған айыпты өзгертіп, іс-әрекеттерін ҚК-нің 434-бабымен қайта саралауды сұрады. Оларға 2 жыл 8 айға бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Өз кезегінде сотталушылар ҚК-нің 434-бабы бойынша кінәларын толық мойындап, бас бостандығын шектеу жазасын сұрады.
Үкім шығару кезінде сотталушылардың шын өкінуі, бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған балаларының бар екені жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен Қ мен С ҚК-нің 434-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза қысқартылып, 3 жыл 2 ай болып белгіленді.
Ниқабпен келгендердің жеке басы анықталды ма?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот отырысына ниқабпен қатысуға тікелей шектеу көзделмеген. Алайда сот ғимаратына кіру кезінде барлық келушілердің жеке басы анықталады. Осыған байланысты күзет қызметі ниқабты уақытша ашқызып, жеке куәлік бойынша тексеру жүргізді. Заң талаптары сақталған жағдайда сот отырысына қатысуға рұқсат берілді.