Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандық сақтандыру компанияларынан клиенттермен байланысты отандық Aitu мессенджері арқылы жүргізуді талап етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап, ҚНРА сақтандыру ұйымдары мен кейбір қаржы компанияларына клиенттермен коммуникацияны дәл осы Aitu арқылы жүргізуді тапсырғанын жазады. Алайда бұл басқа байланыс арналарына толық тыйым салуды білдіре ме, әлде Aitu-ды қосымша құрал ретінде пайдалану ғана сұралды ма — нақты айтылмаған.
Өткен айда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сақтандыру компаниялары мен брокерлердің қатысуымен кездесу өткізіп, реттеушінің жеке деректерді қорғау аясында Aitu-ды міндетті түрде қолдану туралы хатын талқылаған.
Мәліметтерге қарағанда, бұл талап банктерге қатысты емес. Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, қаржы қауымдастығы бұл бастаманы аса құптап отырған жоқ. Себебі Aitu-дың пайдаланушы базасы шектеулі, функционалы толық емес, ақысы жоғары және дербес деректерді басқа платформалардан көшіруге қатысты құқықтық мәселелер бар.
Алайда, ҚНРА-да, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да басылымның сауалдарына жауап бермеген. Ал Aitu жұмысын қолдайтын BTS Digital компаниясы мессенджерді әртүрлі салада, соның ішінде қаржы секторында қолданудың түрлі сценарийлері қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Bloomberg бұл бастаманы Қытайдағы WeChat және Ресейдегі мемлекеттік бақылаудағы мессенджерлермен салыстырады. Қазір бірқатар елдер қаржы ұйымдарының клиенттермен тек мемлекет бақылауындағы платформалар арқылы байланысуын талап ете бастады.
Verisk Maplecroft сарапшысы Марио Бикарскидің айтуынша, Aitu-ды «міндетті» мессенджерге айналдыру - үкіметтің отандық технологияларды дамыту жоспарының бір бөлігі.
— Бұл шетелдік компаниялармен бәсекені шектеп қана қоймай, үкіметке азаматтардың мінез-құлқы туралы аса құнды деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, — дейді ол.
Aitu мессенджері 2018 жылы іске қосылған, оны қазақстандық BTS Digital компаниясы әзірлеген. Наурыз айындағы дерек бойынша, қосымшаның ай сайынғы белсенді қолданушылары 1 миллионнан асады. Бұған дейін қазақстандық депутаттар киберқауіпсіздік талаптарын сақтау үшін бизнесті шетелдік платформалардан Aitu-ға мәжбүрлі түрде көшіруді ұсынған, алайда байланыс операторлары қауымдастығы бұл бастаманы қолдамаған.