×
460.37
531.87
5.82
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
460.37
531.87
5.82

Түн ортасындағы «сүйінші» хабар ұстаздарға неге жақпай қалды?

Бүгін, 11:14
Түн ортасындағы «сүйінші» хабар ұстаздарға неге жақпай қалды?
Ulysmedia.kz коллажы

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында педагогтардің білімін бағалау емтиханы тоқтатылғанын «сүйіншілеп»  видео үндеу жариялады. Бірақ бұл жаңалыққа мұғалімдердің барлығы бірдей қуанған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Жұлдыз Сүлейменова мемлекет басшысының тапсырмасымен ұстаздардың білімін бағалау әдістемесі тоқтатылғанын айтты.

Құрметті ұстаздар! Сіздерге сүйінші жаңалықты айтқалы отырмын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұстаздарымыздың пәндік білімін бағалау тоқтатылды. Менің ойымша, Мемлекет басшысы сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытуда. Бұл туралы хат білім басқармаларына жолданды, – деді министр. 

Қоғамдық кеңес талқысына шықпады

ОАМ Қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, министрлік мұндай маңызды шешім қабылдар алдында “ҚР Қоғамдық Кеңестер туралы” заңға сәйкес Қоғамдық кеңестің талқысына салу керек еді.

Ондай талқылау болған жоқ. Тестілеуді немен алмастырды? Педагогтардың біліктілігін анықтаудың тағы қандай талаптары өзгерді? Ол жағы бізге беймәлім. Министр Президенттің атын жамылып мұндай шешімдер қабылдай беруі заңға томпақ секілді,– дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ал білім сарапшысы Мейіржан Темірбектің пікірінше, аттестация мәселесі әр келген министрдің бітіретін басты жұмысы, басты мәселесі сияқты. Негізінде аттестацияның қағазбастылығын, оны қабылдайтын цифрлық платформаның жұмысын қысқартқаны дұрыс еді.

Аймағамбетовтың кезінде облыстар өздері портал дайындап сол арқылы қабылдаса, Бейсенбаевтың кезінде бір портал аяғына жетпей “өліп”, қайтадан “Өрлеу” орталығының “Ұстаз.кз” порталына келіп телмірген едік. Әлі де телміріп отырмыз. Цифрлық дәуірде қағазбастылықтан құтылмай білім де, сапа да алға баса қоймасы анық. Білім саласының жұмысын “цифрландырған” бірнеше  платформалар мен “блатформалардан” арылмай сол баяғы шу, сол баяғы қағазбастылық төңірегінде және грамота бизнесі сол күйінде қала бермек, – дейді Мейіржан Темірбек.

Үстемақы мәселесі 

Министр Жұлдыз Сүлейменованың желідегі сүйінші хабары 12 сағат ішінде 1 миллионнан астам қаралым жинады. Әдетте ресми жаңалықты арнайы брифингтерде естіп үйреніп қалған мұғалімдер министр парақшасының статистикасын бір сәтте аспанға ұшырып жіберді: 36 мың лайк, 6 мың пікір, 17 мың репост. Ал пікірлердің басым бөлігі наразылық білдіргендер.

Шыны керек, тамыз айынан бері авторлық жазып, мектептерге таратып, оны облыста қорғап тестен өттім. Енді соңғы қағазы қалғанда тоқтап қалғаны миға сыймайды. Робот емеспіз. Жүйкеміз тозды. Тестен өткендерге қыркүйектен бастап санатымызды берсе дұрыс болар еді. Енді не болмақ?, – деп жазды Бақтыгүл Юсупова.

Осы өзгерістерге байланысты біз, модератор санатына тапсырып жүрген педагогтар, үстемақыдан айырылып қалдық. Қазір ешқандай қосымша төлемсіз, тек жалаң окладпен отырмыз. Егер ештеңені өзгертпегенде, біз тесттен өтіп, қыркүйек айынан бастап үстемақы алатын едік, ал сіздер бәрін тоқтаттыңыздар. Енді біз үстемақыны қашан аламыз? Біз биыл барлық жұмысты атқардық қой, неге бізге бұлай әділетсіздік жасайсыздар? Біз қаншама еңбек еттік, бұл өзгерістерді келесі жылға қалдыру керек еді. Мұғалім – ойыншық емес,– дейді Айдар есімді педагог.

Ал Қазтуғанова есімді мұғалімнің айтуынша, бұл – қыркүйек айынан бастап қосылатын жалақыны үнемдеудің бір жолы.

Тест қашан пайда болды?

Педагогтердің білімін бағалау (ОЗП/ПББ) жүйесі «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында 2019 жылдың желтоқсанынан кейін енгізіліп, біліктілік санаттарын (модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер) алу және растау үшін тұрақты негізде өткізіліп келеді.

Бұл тест жыл сайын қоғамда, әсіресе мұғалімдер арасында қызу пікірталас тудырып келді. Көптеген ұстаздар тесттің мазмұны мен форматына байланысты өз шағымдарын білдірді. Олардың айтуынша, кейбір сұрақтар мектеп бағдарламасынан тыс немесе тәжірибеде сирек қолданылатын теориялық білімге негізделген. Сонымен қатар, тесттің уақыт шектеуі мен форматы мұғалімнің шынайы кәсіби қабілетін толық көрсете алмайды деген пікірлер де жиі айтылды.

Тағы бір мәселе – тест нәтижесі мұғалімнің жалақысы мен біліктілік санатына тікелей әсер етеді. Бұл кей жағдайда психологиялық қысым туғызады. Соған қарамастан, бағалау жүйесін қолдайтындар да бар. Олар бұл тәсіл мұғалімдерді үнемі ізденуге, білімін жаңартуға ынталандырады деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары