Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кураторлар мен студенттердің мессенджерлердегі топтарында білімгерлер мен қызметкерлердің жеке деректері, соның ішінде медициналық құпияға жататын мәліметтер тарап кеткен. Бұл туралы Ulysmedia.kz редакциясына университет куратор-эдвайзерлерінің бірі мәлімдеді.
ЖЕКЕ ӨМІРГЕ ҚОЛ СҰҒУ
Мәлімет берушінің айтуынша, соңғы уақытта факультеттер деңгейінде кураторлар чатына «мониторинг» түрінде түрлі ақпараттар жіберіліп, олар әрі қарай студенттерге ешбір сүзгісіз таратылуда.
«Аталған материалдардың ішінде студенттер мен қызметкерлердің жеке деректері, соның ішінде медициналық құпияға жататын мәліметтер (мысалы, гинекологиялық сипаттағы диагноздар, жүктілікке қатысты жағдайлар және өзге де жеке ақпараттар) толық аты-жөнімен бірге ашық көрсетілген.Бұл тек этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың жеке өміріне қол сұғу болып табылады. Мұндай ақпараттардың ашық чаттарда таралуы адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, психологиялық зиян келтіруі мүмкін», – дейді университет қызметкері.

ЧАТТАРҒА ТАРАТҚАН КІМ?
Оның сөзінше, бұл жағдай бірінші рет емес. Бұған дейін де студенттердің жеке, тіпті интимдік сипаттағы мәліметтері жария түрде таратылған жағдайлар болған.
«Кураторлар чаттарға келген ақпаратты студенттердің чаттарына жолдайды, қосымша жұмыс атқарғылары келмейді, себебі кураторлық жұмысы үші ақы төленбейді. Бұл жағдай қайталанбас үшін, басшылыққа қатаң жаза қолдануды талап ету керек. Осыны жіберетін басшылық ақпаратты неге електен өткізбей жібереді? Бұл ақпарат әлеуметтік және тәрбие департаментінен жолданыты анық», – деп пайымдайды куратор.

Аталған мәселеге қоғам назарын аударуды сұраған университет қызметкері бұл бір оқу орнының мәселесі емес, жалпы дербес деректерді қорғау мәдениетінің деңгейіне қатысты маңызды сұрақ екенін айтады.
УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?
Мұндай жағдайға қалай жол берілгенін, жеке және медициналық деректердің қорғалмауына кім жауапты екенін университет басшылығынан сұрадық.
ЖОО-ның баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Оқу орындарының студенттері мен қызметкерлерінің жеке деректерінің құпиялылығын қамтамасыз ету – университет қызметіндегі басты талаптардың бірі. Жеке деректерді өңдеу, сақтау және қорғау Қазақстан Республикасының «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңының талаптарына толық сәйкес жүргізіледі. Жеке деректерді субъектінің келісімінсіз немесе заңда қарастырылған басқа да себептерсіз таратуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілік көзделген. Университеттің бастамасымен қазіргі сәтте қызметтік тексеру жүргізілуде», - делінген редакцияға жолданған жауапта.
КОНТЕКСТ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұған дейін де осыған ұқсас дау туған. 2024 жылы интернетке «пәк студенттердің тізімі» тарап кеткен. Білім алушылардың жеке және медициналық деректері жария болған еді. Алматы қаласының прокуратурасы жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және дербес деректер туралы заң талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген.
Университет өкілдері бұл тізімді флюорографиядан өткізу үшін мердігер ұйымның медбикесі жолдағанын айтты, алайда құжатта дәрігерлік құпияға жататын мәліметтер де болған. Осыдан кейін университетте қызметтік тексеріс жүргізіліп, прокуратураға тиісті өтініш жолданған.